Қазақстандық әйел бөтеннің чемодандарын ала кетуге келіскен: ол Алматы әуежайында ұсталды

0
77

Қыз сыйақыға Тайландтан Қазақстанға каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскен.


Қазақстандық әйел бөтеннің чемодандарын ала кетуге келіскен: ол Алматы әуежайында ұсталды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Алматы әуежайында Бангкоктан келген рейс қонғаннан кейін каннабис сығындысы салынған екі чемодан табылды. Бас көлік прокуратурасы мәліметінше, жүкті Қазақстанның 22 жастағы азаматы алып өтпек болған. Сот қызды аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және заңсыз айналымы үшін кінәлі деп танып, 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп жазады tengrinews.kz.

Прокуратура мәліметі бойынша, қыз сыйақыға Тайландтан Қазақстанға каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскен. Тыйым салынған заттың жалпы салмағы 8,8 келі болды.

"Қыз қшалай сыйақы үшін Қазақстанға жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскені анықталды. Контрабанданың жолы ол Алматы әуежайына ұшып келген бойда бірден кесілді", - деп хабарлады прокуратура.

Қылмыстық істі Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Талқылау қорытындысы бойынша сот сотталушыны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және заңсыз айналымы үшін кінәлі деп тапты. Оған 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ қадағалау органы әлеуметтік желі қолданушылары тап болуы мүмкін арбау схемаларына назар аударды.

"Әлеуметтік желілерде таралатын "оңай табыс" пен тегін саяхат туралы ұсыныстар жиі халықаралық есірткі схемаларының бір бөлігі болады. Қылмыстағы рөліне қарамастан, оған қатысу қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - деп ескертті Бас көлік прокуратурасы.

Прокуратура үкім заңды күшіне енгенін нақтылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана әуежайы жолаушыларды бөтен адамдардың заттарын тасуға келіспеуге шақырған болатын. Бұған әлеуметтік желілерде қызу талқыланған оқиға себеп болды. Қазақстандық әйел күйеуі рейске тіркелу кезінде бейтаныс ер адамның өтінішімен Антальяға электронды темекі мен стиктерді жеткізіп беруге келіскенін айтқан. Кейін әуежай әкімшілігі жолаушы өз багажы ішіндегі заттарға жауапты екенін, сондықтан өтініш зиянсыз болып көрінсе де, өзгелердің затын алуға болмайтынын ескертті.

Бұдан бұрын астаналық әйел күйеуі бейтаныс адамға көмектеспек болып, сағат жеткізіп беруге келіскені туралы айтқан еді. Алайда, жазба авторының айтуынша, сөмкеге салынған Apple Watch ұшаққа отырғанға дейін жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Желі қолданушысы зат құнын өтеуге мәжбүр болғандарын бөлісті.

Осыған ұқсас атышулы оқиғалардың бірі қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі болып отыр. 2014 жылы ол Қытайдағы Гуанчжоу әуежайында багажынан есірткі табылып ұсталған еді. Қыз таныстарының өтінішімен сөмкені ішінде киім-кешек бар деп ойлап, тасуға келіскенін айтқан болатын. 2015 жылы Қытай соты оны есірткі контрабандасына қатысты айыптап, өмір бойы бас бостандығынан айырды.