Қазақстандық әйел мысық тістеген соң көз жұмды

0
117

Мысық тістеген соң әйел құтырма ауруының клиникалық белгілерімен Лисаков қалалық ауруханасына жеткізілген.


Қазақстандық әйел мысық тістеген соң көз жұмды

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Қостанай облысы Қамысты ауданының тұрғынын мысық тістеп алып, көз жұмды, деп жазады stan.kz.

Мысық тістеген соң әйел құтырма ауруының клиникалық белгілерімен Лисаков қалалық ауруханасына жеткізілген. Медициналық көмек туралы өтініш кеш түсіп, науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған.

Қостанай облысында 2020 жылдан бері құтырма ауруынан қайтыс болу жағдайы бірінші рет тіркеліп отыр.

"Лисаков қаласында 2025 жылдың мамыр айында құтырма салдарынан адам өлімі тіркелді. Эпидемиологиялық тергеу барысында науқасты үй мысығы тістеп алғаны анықталды. Жануар кейін жоғалып кеткен. Зардап шеккен әйел дер кезінде дәрігерге қаралмаған, профилактикалық екпе алмаған. Медициналық көмекке тек клиникалық белгілер пайда болған соң ғана жүгінген", – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Баймұхаметов.

Құтырма – вирус арқылы таралатын аса қауіпті инфекциялық ауру. Аурудың инкубациялық кезеңі ұзаққа созылып, орталық жүйке жүйесін (энцефаломиелит түрінде) зақымдайды және 100% өліммен аяқталады. Сондықтан құтырмаға қарсы вакцина аурудың алдын алудың жалғыз тиімді жолы.

Мамандардың айтуынша, адамдар құтырма ауруын үй жануарларына, ауру жануарлардан және жабайы аңдардан жұқтырады.

"Егер антирабиялық вакцина (құтырмаға қарсы екпе) уақытында егілмесе, вирус адам миы мен жүйке жүйесін зақымдап, аурудың қайтымсыз кезеңіне өтеді. Ауру бірнеше күннен бірнеше айға, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін. Лисаковтағы марқұмда бұл кезең бірнеше айға созылған. Адамдардағы құтырма жағдайларының 99%-ы жануарлардың тістеуі немесе тырнауы арқылы жұғады. Мұны жануарларға вакцина салу және олардың шабуылынан сақтану арқылы алдын алуға болады", – дейді департамент өкілдері.

Қазақстанда құтырма вирусын тасымалдаушылар көбіне – иттер, мысықтар, түлкілер, кірпілер, борсықтар мен қасқырлар. Кейде ауру ірі қара, қой, жылқы және кеміргіштерден де жұғуы мүмкін.

Қостанай облысында 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы, үй және жабайы етқоректі жануарлар арасында 45 құтырма жағдайы тіркелген. Ал 2025 жылдың басынан бері 5 жағдай тіркеліпті.