Қаскөйлер түнде салонға кіріп, ақшаны ұрлап кеткен.
Ұрлық сәті. Бейнеден алынған кадр
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында сұлулық салонының қызметкері сыбайласымен бірге өз жұмыс орнын тонап кеткен. Әйел жұмыс кестесі мен ақша қайда сақталатынын жақсы білген, бірақ салондағы бейнебақылау камерасын ескермеген, деп жазады tengrinews.kz.
Полицияның мәліметінше, қаскөйлер түнде салонға кіріп, ақшаны ұрлап кеткен. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.Таңертең салон иесі қомақты сома жоғалғанын анықтаған. Бейнежазбаны көргеннен кейін күдік бірден кассаға рұқсаты бар және қолма-қол ақша қайда тұрғанын білетін қызметкерге түсті.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көп ұзамай олар вокзалда ұсталды. Полицияның дерегінше, олар қаладан шығып кетуге әрекет жасаған көрінеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


