Гамма-сәулелік жарылыс – бұл ғаламда болатын ең жарқын электромагниттік жаңалық.
ERNUR.KZ. Қазақстандық астрофизиктер әлемде бірінші болып гамма-сәуленің жарылуын тіркеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясына қарасты Назарбаев Университетінің телескопы 2023 жылдың 28 наурызына қараған түні гамма-сәулелерінің жарылысы деп аталатын ғарыштық оқиғаға бірегей және инновациялық бақылау жасады. Гамма-сәулелік жарылыс – бұл ғаламда болатын ең жарқын электромагниттік жаңалық. Халықаралық ғылыми қоғамдастықтың ондаған жылдар бойғы күш-жігеріне қарамастан, олардың нақты табиғаты мен параметрлері әлі белгісіз.
Қазақстандық астрофизиктер әлемде бірінші болып гамма-сәуленің жарылуын тіркеп, 41 секундтан 30 минутқа дейінгі жарықтан кейінгі жарқырау туралы ең алғашқы мәліметтерді алды. Ғарыштық орбитадағы NASA телескопы 110 секундтан кейін ғана жарық «автошогын» бақылай бастаған. Өз баяндамасында NASA қызметкерлері бұл энергияның өсуін бірінші болып тіркеген қазақстандық обсерватория екенін растады. Тек отандық астрофизиктерде 41 секундтан 110 секундқа дейінгі бірегей деректер бар. Бақылаулар жүргізген 14 обсерваторияның бірі болып табылатын басқа жердегі телескоп біздің обсерваториядан кейін 30 минутта ғана гамма-сәулелік жарылысты бақылай бастағаны белгілі.
«Бұл бұрын-соңды жазылған гамма-сәулелерінің жарылуын оптикалық көп арналы бақылаудың ең жылдам түрі. Біз оқиғаны бір уақытта жасыл, қызыл және инфрақызыл диапазондарда бақылаймыз, бұл бізге сигнал спектрі туралы түсінік береді. Бақылау халықаралық ғылыми қауымдастыққа жарияланды», - деді Энергетикалық ғарыш зертханасы (ECL) жобалық тобының ғылыми-зерттеу инженері Жанат Мақсұт.
Нобель сыйлығының лауреаты, көрнекті астрофизиктер мен космологтардың бірі Джордж Фицджеральд Смут III Ассы-Түрген обсерваториясының мамандарын жеке құттықтады.
«Бұл бақылау ғылымындағы үлкен қадам. Бұл автоматтандырылған телескоп пен аспаптық жүйені жасау мен орнатудың көзқарасына, қаржыландырылуына және жұмысына ғана емес, сонымен қатар команданың жоғары кәсібилігіне де байланысты екенін мойындау маңызды. Алда, ең қызықтысы – құнды деректерді өңдеу және талдау», - деді Джордж Фицджеральд Смут III.
Бақыланған деректерді қазір зерттеушілер тобы мұқият талдап жатыр. Талдау толық зерттелмеген гамма-сәулелік жарылыстардың өзге де қырларын ашады ашады деп күтілуде.