Қазақстандық оқушы Еуропаның ең үздік физигі атанды

0
124

Болгария астанасы София қаласында Еуропалық физика олимпиадасы (EuPhO-2025) өз мәресіне жетті. Биылғы зияткерлік додаға 39 елден 200-ден астам жас физик қатысты.


Қазақстандық оқушы Еуропаның ең үздік физигі атанды

ERNUR.KZ. Қазақстан құрамасы бұл жарыста тамаша нәтиже көрсетті, ел намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек олимпиаданың абсолют жеңімпазы болып танылды. Ол Қазақстанның жүлде қоржынына алтын медаль алып келді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Астанадағы РФММ-нің тағы бір 10-сынып оқушысы Алтаир Аканов пен Алматы қаласындағы «Miras» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Роман Черемнов күміс медаль иеленсе, «Nurorda» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Даниэль Тюлюбаев қола медаль жеңіп алды. Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр құрмет грамотасын иеленді.

Команданы халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, тәжірибелі тәлімгерлер – Андрей Сидоренко мен Темірлан Исмагұлов дайындады.

Анықтама үшін: EuPhO – мектеп оқушыларына арналған беделді халықаралық зияткерлік сайыс. 2024 жылы Қазақстан құрамасы аталған олимпиадада 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Биылғы көрсеткіш елімізде дарынды оқушылармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айғақтайды.