Былтыр 571 оқушы небәрі 172 медаль иеленген.
ERNUR.KZ. 2024-2025 оқу жылында 1720 қазақстандық оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 193 алтын, 349 күміс және 464 қола медаль бар. Яғни, әрбір екінші қатысушы жүлдегер атанды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, былтыр 571 оқушы небәрі 172 медаль иеленген. Соның ішінде, Қазақстан оқушылары әлем бойынша ең беделді саналатын 7 олимпиадада 27 жүлде еншіледі.
«Дарынды балаларымыз 4 алтын, 13 күміс, 10 қола алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл да өткен жылғы нәтижелерге қарағанда жоғары көрсеткіш. Мұндай айтулы жетістіктер – тұрақты мемлекеттік қолдау мен орта білім беру ұйымдарында жүргізілген жатқан жүйелі жұмыстың жемісі», – деді спикер.
Біздің ел халықаралық рейтингілерде де көш басында тұр. Қазақстан құрамасы Халықаралық ғылыми физика олимпиадасында (ISPhO) – абсолютті чемпион атанса, халықаралық география олимпиадасында (IGeO) командалық есепте 2-орынға шықты. Оған қоса, Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштіктен көрініп, First Global Challenge әлемдік робототехника чемпионатында үш мәрте жеңімпаз атанды.
Халықаралық аренадағы қазақстандық оқушылардың жетістіктері де мақтан тұтарлық. Мәселен, Астана қаласының 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Ең үздік қыз-қатысушы» атанды. Маңғыстау облысының 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты аймағының «Үздік лингвисі» деп танылды. Шығыс Қазақстан облысының оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «Үздік информатигі» атағына ие болды.
Дарынды балаларды қолдауға қатысы тағы бір айрықша маңызды жаңалық – тамыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен Ақордада кездесті.
«Президент 7 беделді халықаралық сайыста оза шапқан 27 жүйрікті арнайы шақырып, қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір жеңімпаздың артында тұрған ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін ерекше атап өтті. Бұл жүздесу жас таланттарға үлкен шабыт сыйлағаны рас. Мемлекет басшысының қолдауымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді», – деді ведомство өкілі.
Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК-ке дейін; күміс медаль иегерлеріне – 1000 АЕК-ке дейін; қола медаль иегерлеріне – 500 АЕК-ке дейін сыйақы беріледі. 2025 жылы олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді.
Мемлекеттік қолдау тек оқушыларға ғана емес, олардың жетекшілеріне де бағытталған. Елордада өткен «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық Тамыз конференциясында Президент алғаш рет халықаралық жеңімпаздарды дайындаған ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыс етті.