Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шанхай қаласында өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (China International Import Expo, CIIE) қатысуда.
ERNUR.KZ. Сапар аясында министр Қазақстан павильонын аралап, «Хунцяо» халықаралық экономикалық форумына қатысты. Сондай-ақ отандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту, инвестиция тарту және Қытаймен сауда-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) - әлемдегі ең ірі сауда алаңдарының бірі. Оған жыл сайын 160-тан астам ел мен өңірлерден мыңдаған компания қатысады. Көрме шетелдік өндірушілерге Қытай нарығына шығуға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және экспорттық келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді.
Қазақстан CIIE көрмесіне тұрақты түрде қатысып, отандық кәсіпорындардың өнімдері мен еліміздің экспорттық әлеуетін таныстырып келеді. Биыл Қазақстан павильонында 40-қа жуық отандық өндіруші өз өнімдерін ұсынды.
Көрмеде тағам өнеркәсібінің түрлі өнімдері, оның ішінде май, ұн және ұннан жасалған өнімдер, кондитерлік және сүт өнімдері, сусындар мен басқа да қазақстандық тауарлар ұсынылды.
Көрменің алғашқы күнінде қазақстандық компаниялар жалпы сомасы шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдер жасасты. Бұл қытайлық бизнестің отандық өнімдерге қызығушылығы жоғары екенін көрсетіп, экспорт көлемін одан әрі арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда ынтымақтастығы дамып, тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, 11%-ға артты. Ал 2026 жылдың тоғыз айында сауда көлемі 43,3 млрд долларды құрап, 21,9%-ға өсті.
Қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына ілгерілетумен қатар, сапар барысында инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысымен кездесті. Тараптар «Hub-to-Hub» бастамасы аясындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл бастама өзара байланысқан сауда және логистика орталықтарын дамытуға бағытталған.
Кездесуде Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану, көлік-логистикалық бағыттарды кеңейту және тауарларды халықаралық нарықтарға шығаруға қосымша мүмкіндіктер жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бірлескен жобаларды іске асырудың нақты мәселелері Қытай бизнесінің өкілдерімен өткен келіссөздерде де талқыланды.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағында жоғары технологиялық өндірістерді орналастыру, робототехниканы дамыту, заманауи көлік-логистикалық кешендер, қоймалар мен тауар тарату орталықтарын салу, сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлікке инвестиция тарту мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар, тауар ағынын тиімді ұйымдастыруға, логистикалық шығындарды азайтуға және Қазақстанның Еуразиядағы маңызды сауда-көлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал ететін инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Келіссөздер барысында Арман Шаққалиев Қазақстанның Қытай инвестицияларын тартуға, озық технологияларды енгізуге және бірлескен өндірістерді дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Мұндай жобаларды жүзеге асыру өндірістік кооперацияны дамытуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның CIIE көрмесіне қатысуы тек отандық тауарларды ілгерілетумен шектелмейді. Ол қытайлық компаниялармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға, бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға және қазақстандық бизнестің халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Көрме 10 қарашаға дейін жалғасады.


