Қазақстандық спортшылар XXV Қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайтын болады

0
84

Министр жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшының қатысуы жоспарланып отырғанын атап өтті.


Қазақстандық спортшылар XXV Қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайтын болады

ERNUR.KZ. ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылардың дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Министр жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшының қатысуы жоспарланып отырғанын атап өтті. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойналады. Қазақстанның ұлттық командасы 10 спорт түрі бойынша 58 медалға таласады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

«Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстары өтеді», – деді Ербол Мырзабосынов.

Оның сөзінше болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған.

«Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды, – деді Ербол Мырзабосынов.

Елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып жатыр. Олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және олимпиадалық резервті дайындау мақсатында спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қысқы спорт түрлеріне арналған 1262 спорт нысаны бар. Құрылған инфрақұрылым қысқы спорт түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және олардың кеңінен дамуына ықпал етеді.