Қазақстандық жүргізушілер үшін жақсы жаңалық

0
283

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және олардың сапасын арттыру мақсатында қосымшада жаңа "Көлік тарихы" сервисі іске қосылды.


Қазақстандық жүргізушілер үшін жақсы жаңалық

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар енді көліктің тарихын "ЦОН" мобильді қосымшасы арқылы тексере алады. Бұл туралы 2025 жылғы 22 қыркүйекте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы хабарлады, деп жазады zakon.kz.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және олардың сапасын арттыру мақсатында қосымшада жаңа "Көлік тарихы" сервисі іске қосылды.

"Жаңа сервис көлікке қатысты толық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Онда автокөліктің тіркелуі, арест пен кепілде болуы, айыппұлдар, кедендік ресімдеу, утильалым төлемі, ерекше белгілер мен берілген техпаспорттар туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұл формат жасырын проблемаларды алдын ала анықтауға, тәуекелдерді азайтуға және көліктің заңдық тазалығына көз жеткізуге жағдай жасайды", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сервис көлік нарығындағы мәмілелердің ашықтығын арттырып, алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.

Қызметті пайдалану үшін көліктің VIN-кодын енгізу жеткілікті. Ақпарат мемлекеттік деректер базалары мен ақпараттық жүйелерден онлайн режимде тартылады. Сервис "ЦОН" қосымшасында (App Store/Google Play) ЖСН және телефон нөмірі арқылы авторизациядан кейін қолжетімді.

Бір тексерудің құны – 500 теңге. Сондай-ақ пакет ұсыныстары бар:

  • 10 тексеру – 4500 теңге,
  • 20 тексеру – 8000 теңге.

Айта кетейік, "Көлік тарихы" сервисі алғаш рет 2024 жылдың қазанында eGov.kz порталында, қарашада eGov Mobile қосымшасында іске қосылған. Ал 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап қазақстандықтар көлікті сату-сатып алу келісімшартын да "ЦОН" мобильді қосымшасында онлайн ресімдей алады.