Қазақстандықтар Telegram жұмысындағы ақаулар туралы хабарлады

0
237

Қолданушылар Telegram мобильді қосымшасының жұмысындағы іркілістер туралы айтып жатыр.


Қазақстандықтар Telegram жұмысындағы ақаулар туралы хабарлады

Telegram жұмысындағы ақау. Фото:depositphotos.com/ mijan786

ERNUR.KZ. Қазақстандық қолданушылар Telegram мессенджерінің жұмысындағы ақаулар туралы жаппай хабарлап жатыр. Detector404 порталының деректері де бұл мәселені растап отыр, деп жазады tengrinews.kz.

Ақауларды бақылау сервисінің мәліметінше, соңғы бір сағатта Telegram жұмысына қатысты шағымдардың басым бөлігі Астанадан түскен - халық санын ескергенде, барлық шағымдардың 35 пайызы елордаға тиесілі.

Одан кейінгі орында Қарағанды облысы - 12 пайыз, Павлодар облысы - 9 пайыз, Қостанай облысы - 8 пайыз және Шығыс Қазақстан облысы - 7 пайыз.



Сайттан алынған скриншот: detector404.kz

Қолданушылар Telegram мобильді қосымшасының жұмысындағы іркілістер туралы айтып жатыр. Кейінгі 24 сағат ішіндегі шағымдардың 58 пайызы осы мәселеге қатысты. Тағы 38 пайызы хабарландырулардың келмеуіне тап болса, 3 пайызы сервистің жалпы жұмысындағы ақауларды хабарлады.

Операциялық жүйелер бойынша ең көп шағым iOS қолданушыларынан түскен - 43,5 пайыз. Android үлесіне шағымдардың 35,1 пайызы, Windows-қа - 16,6 пайызы, Mac OS X-ке - 3,8 пайызы тиесілі. Тағы бір пайызы басқа құрылғылардан түскен.

Сайттан алынған скриншот: DownDetector

DownDetector мониторинг сервисінің деректеріне сәйкес, ең көп таралған мәселелер арасында қосымшаның дұрыс жұмыс істемеуі көш бастап тұр - шағымдардың 68 пайызы. 17 пайыз жағдайда қолданушылар хабарлама жіберудегі ақауларды, ал тағы 9 пайызы аккаунтқа кіру кезіндегі қиындықтарды айтқан.

Сондай-ақ қолданушылар медиаконтенттің жүктелмеуіне, желіге қосылудың мүмкін еместігіне немесе хабарлама жібере алмай жатқанына шағымданған.

Ақпарат жарияланған сәтте Telegram жұмысындағы ақаулардың себебі хабарланған жоқ.