Қазақстандықтар жеке куәлікті онлайн алу кезінде қиындыққа тап болды: Цифрлық даму министрлігі себебін айтты

0
122

Коняшкин әзірге бұл жүйе пилоттық режимде екенін, әлі де сынақтан өтіп жатқанын айтты.


Қазақстандықтар жеке куәлікті онлайн алу кезінде қиындыққа тап болды: Цифрлық даму министрлігі себебін айтты

фото: ЖИ/ stan.kz.

ERNUR.KZ. Цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин жеке куәлікті онлайн рәсімдей алмаған қазақстандықтардың шағымына жауап берді, деп жазады stan.kz.

Коняшкин әзірге бұл жүйе пилоттық режимде екенін, әлі де сынақтан өтіп жатқанын айтты.

“Иә, кез келген жаңа өнімді іске қосқанда сынақ кезеңі болатынын мойындаймыз. Жеке куәлікті қайта рәсімдеу қызметін де біз пилоттық форматта іске қостық. Қазірге дейін тексерістен өтіп жатыр. Фотосуреттердің сапасын талдайтын модельді жетілдіріп жатырмыз. Қазір негізгі мәселе осында. Соның салдарынан онлайн форматта қайта рәсімдеу үлесі 50%-дан аспай отыр, яғни әзірге 50%-ға да жеткен жоқ. Себебі бұл технология әлі де пысықталып жатыр”, – деді Коняшкин Үкіметтегі брифингте.

Оның айтуынша, бұл мемлекеттік қызмет жыл соңына дейін әрі қарай жетілдіріледі. Сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті қайта рәсімдеуге арналған өз-өзіне қызмет көрсету терминалдарының санын арттыру жоспарланып отыр.

“Биыл халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа форматы аясында, бұл тәжірибені кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біз оны оң нәтиже береді деп санаймыз. Бұл қызмет алу уақытын едәуір қысқартып, кезектерді азайтады”, – деді вице-министр.

Жалпы, оның мәліметінше, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға бару санын азайтқан.

“Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарында операторлар арқылы көрсетілетін қызметтер 30–35% қысқарды. Әрине, егер халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер саны азая берсе, уақыт өте келе кадрларды қысқартуға да келуіміз мүмкін”, – деді Коняшкин.

Айта кетейік, бұған дейін былтыр жыл соңында Қазақстанда жеке куәлікті енді онлайн рәсімдеуге болатыны айтылған еді.