Қарапайым есепке сүйенсек, сот арқылы банкрот болған 632 адамның әрқайсының орташа берешегі 200 млн теңгеге жуықтайды.
фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төлем қабілетін қалпына келтіру және жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдері туралы мәлімет берді, деп жазады ulysmedia.kz.
Банкрот деп танылудың екі тетігі
Ведомствоның дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева сенат кулуарында сөйлеген сөзінде 2023 жылдың наурызынан бері, яғни жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар банкрот деп танылудың екі тетігін пайдаланып келе жатқанын айтты. Олар – соттан тыс және сот арқылы банкрот болу рәсімдері.
– Егер соттан тыс банкроттық рәсімі туралы айтсақ, бүгінге дейін шамамен 65 мың азамат банкрот деп танылды. Олар бойынша 132 млрд теңгеге жуық қарыз есептен шығарылуы тиіс. Ал сот арқылы банкрот болғандар саны – 632 адам. Жалпы алғанда, екі рәсім бойынша 66 600 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 250 млрд теңге қарызды есептен шығару көзделіп отыр, – деді Меруерт Сисембаева.
Осылайша, соттан тыс тәртіппен банкрот болған 65 мың адамның және сот шешімімен банкрот атанған 632 азаматтың қарыз көлемі шамалас – әр топ бойынша шамамен 120-130 млрд теңге.
Қарапайым есепке сүйенсек, сот арқылы банкрот болған 632 адамның әрқайсының орташа берешегі 200 млн теңгеге жуықтайды. Алайда олардың кім екені жарияланған жоқ. Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай мәліметтердің банк құпиясына жататынын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Ulysmedia.kz-ке берген түсініктемесінде банкроттардың қарызын есептен шығару – екінші деңгейлі банктер өз мойнына алатын тәуекелдердің бірі екенін атап өтті. Яғни бұл рәсімдер бюджет қаражатына әсер етпейді.
Банкроттық туралы заң
Айта кетейік, «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған. Құжат 2023 жылғы 3 наурызда күшіне енді. Осы күннен бастап азаматтар соттан тыс, сот арқылы банкрот деп тану және төлем қабілетін қалпына келтіру бойынша өтініш бере бастады.
Бұған дейін, 2025 жылдың наурызында Мемлекеттік кірістер комитеті екі жыл ішінде 22 мыңнан астам адамның банкрот деп танылғанын хабарлаған еді. Ол кездегі жалпы қарыз көлемі 120,4 млрд теңгені құраған.


