Қазақстандықтардың шағын несие ұйымдарына қарызы 594 млрд 600 млн теңгеге жетті

0
628

Амалсыз несие алғандар Үкіметтің не айлықты көтеруін, не берешек пайызын азайтуын талап етеді.


Қазақстандықтардың шағын несие ұйымдарына қарызы 594 млрд 600 млн теңгеге жетті

ERNUR.KZ. Екінші деңгейлі банктерді есептемегенде елімізде шағын несие ұйымдарынан кредит алған азаматтардың саны биыл 44 пайызға артты. Қазір қарапайым халықтың бұл ұйымдарға берешегі 594 миллиард 600 миллион теңге, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Мамандар көпшілік қарызды бұрынғыдай бей-берекет емес, аса қажет жағдайда ғана алып жатқанын байқадық деп отыр. Ал ақшаға мұқтаж, амалсыз несие алғандар Үкіметтің не айлықты көтеруін, не берешек пайызын азайтуын талап етеді.

Алматылық Асқарбек Ортанов баспанаға деп он жылда 10 мың доллар жинаған. Бірақ бұл жиғаны да үй алуға жетпей, екі жыл бұрын 5 миллион теңге несие алыпты. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 25 пайызбен алған берешегін өтеу үшін үйдің бетін көрмей жұмыс істеуіме тура келді дейді.

IDF Eurasiа ұйымының зерттеуінше, қымбат телефонды несиеге алуға құмар 18 бен 25 жас аралығындағы жастардың саны 73 пайыздан биыл 57-ге түсіпті. Қарыз рәсімдеген жастардың 24 пайызы пәтерді жөндеу жұмыстарына деп алған. Ал 26-дан 45 жасқа дейінгі азаматтардың 23 пайызы ипотекаға мақұлдама алғаннан кейін шағын ұйымдардан несие алса, 34 пайыз автокөлікке деп қарыз сұрап барыпты. Ал Асқар Ортанов секілді 45 жастан асқан азаматтардың 32 пайызы балалары мен немерелерінің оқу ақысын төлеу үшін несие алған.

«Иә, шағын ұйымдар арқылы несиені көбіне 40-тан асқан азаматтар алып жатады. Олардың көбі несиені екінші деңгейлі банк арқылы рәсімдей алмағаннан кейін жүгініп жатады. Бірақ бұл бірінші кредиттік бюро арқылы азаматтың несие тарихына мән берілмейді деген сөз емес», - дейді Қазақстанның шағын қаржылық ұйымдар қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов.

Шағын қаржылық ұйымдар қауымдастығы еліміздегі 232 ұйымнан несие алғандардың басым бөлігі қаладағы іскер әйелдер екенін айтады.