Қазақстанға түрді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба аясында Кертағының (Пржевальский жылқысы) кезекті тобы жеткізілді

0
71

Эколог күні қарсаңында, 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстанға Чехия Республикасынан кертағының (Пржевальский жылқыларының) кезекті тобы жеткізілді.


Қазақстанға түрді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба аясында Кертағының (Пржевальский жылқысы) кезекті тобы жеткізілді

ERNUR.KZ. Бұл – әлемде сақталған жалғыз жабайы жылқы түрінің популяциясын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық жоба аясында әкелінген жануарлардың кезекті легі, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Арнайы әуе рейсімен жануарлар Чехиядан Қостанай қаласының халықаралық әуежайына жеткізілді. Одан әрі олар арнайы жабдықталған автокөлікпен Қостанай облысы Амангелді ауданындағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына тасымалданады. Реинтродукция орталығында жануарлар мамандардың бақылауымен бейімделу кезеңінен өтіп, кейін табиғи мекендеу ортасына жіберуге дайындалады.

Тарихи тұрғыдан кертағы Қазақстан аумағында мекендеген және Қазақстан далаларының табиғи мұрасының бір бөлігі болып табылады. Алайда XX ғасырдың ортасына қарай бұл түр жабайы табиғаттан жойылып кетті. Оны қалпына келтіру халықаралық сақтау және реинтродукция бағдарламаларының арқасында мүмкін болды.

Бүгінде Қазақстан осы бірегей түрді өзінің тарихи мекендеу ортасына қайтару бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда.

Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, «Тирпарк Берлин» хайуанаттар бағы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы және басқа да халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Қазақстан мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, 2029 жылға дейін Қазақстанға 40 кертағыны жеткізу жоспарланған. 2024 және 2025 жылдары «Алтын Дала» резерватына жануарлардың алғашқы екі тобы әкелінген болатын. Ал биылғы жылдың мамыр айында бұрын жеткізілген жануарлардың бір бөлігі алғаш рет жабайы табиғатқа жіберілді.

Жобаның негізгі мақсаты – Орталық Қазақстан далаларында кертағының тұрақты популяциясын қалыптастыру және дала экожүйелерін қалпына келтіру.

Жобаны іске асыру Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Ол биологиялық әртүрлілікті сақтауға, тарихи тұрғыдан жоғалған жануарлар түрлерін қалпына келтіруге, табиғат қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің дала экожүйелері мен сирек кездесетін жабайы жануарларды қорғау ісіндегі көшбасшы мемлекет ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.