Қазақстаннан кеткен білікті мамандардың базасы жасала бастады

0
643

Кейінгі жылдары АҚШ пен Түркияда ғана 130 мың қазақстандық маман еңбек етіп жүр.


Қазақстаннан кеткен білікті мамандардың базасы жасала бастады

ERNUR.KZ. Қазақстаннан шетелге қоныс аударған білікті мамандардың базасын жасақтау басталды. Бұл туралы «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары елден жас, білікті мамандардың кету үрдісі тоқтар емес. Мысалы, тек қана АҚШ-тың өзінде 100-ден астам өте білікті ІТ-маман жүр. Өкінішке қарай, сырттағы бұл әлеуетті қолдана алмай отырмыз. Сырттағы түрлі саладағы мамандар мен тұлғалардың ортақ базасын жасаудың және олармен жұмыс істеудің нақты алгоритмі мен жобаларын ұсыну міндеті тұр. Осы ретте қоғам бұл бағытта толық база құруды бастады», - деді ол қордың жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.

Айтуынша, кейінгі жылдары АҚШ пен Түркияда ғана 130 мың қазақстандық маман еңбек етіп жүр.

«Сырттағы қазақтардың қатарына кейінгі жылдары шетелге кеткен жаңа қазақтарды қосуға болады. Мысалы, АҚШ-та 100 мыңға жуық, Түркияда 30 мыңға жуық, ал Еуропада10 мыңға жуық жаңа қазақстандық тұрып жатыр», - деді қордың президенті.