Қазақстанның 14 өңірінде негізгі ҰБТ басталды

0
246

ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі: үш рет – ақылы негізде.


Қазақстанның 14 өңірінде негізгі ҰБТ басталды

ERNUR.KZ. Бүгін еліміздің 14 аймағы үшін негізгі ҰБТ басталды, тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал су тасқыны болған 6 өңірде ҰБТ 25 мамырда басталады, деп жазады inform.kz.

Атап айтқанда, төтенше жағдай режимі жарияланған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу уақыты 20 мамырға дейін ұзартылды, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі.

«Өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсырушылар саны 20 мыңға артқан, оның бір себебі – елімізде демографияның өсуі болса, екінші себебі – жұртшылықтың тестілеуге сенімінің артуы. 2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырған еді. Ал биыл 181 мың талапкер тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Екі мүмкіндікті есепке алғанда, қазіргі таңда 330 мыңға жуық өтініш қабылданды», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов Орталық коммуникациялар қызметінде.

ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі: үш рет – ақылы негізде. Ал негізгі ҰБТ негізінде талапкерлер гранттар беру конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

«Бір мезгілде 5 172 компьютер тестілеуді өткізуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары ҰБТ электронды форматта өткізіледі. Бұл түлектерге тестілеу нәтижесін бірден алуға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Талапкерлердің басым бөлігі – 75%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 25%-ға жуық тестіленуші орыс тілін, 221 адам ағылшын тілінде тест тапсыруды ұйғарған.