Депутаттың айтуынша, кеден органдары құқық қорғау функциясынан айырылғаннан кейін кеден шекарасы мемлекет тарапынан толық бақыланбай қалды.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары кеден қызметін мемлекеттік кірістер комитетінің құрамынан шығарып, бөлек орган етуді ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Депутат Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, өңірлерге сапар барысында Кеден қызметінің бір топ ардагері кеден қызметін жеке мемлекеттік орган ретінде қайта құруды ұсынған.
"ҚХП фракциясы бұл мәселені терең зерттеп, отандық кеден қызметін реформалау мәселесі өте өзекті деп санайды. Мемлекеттік шекараны кесіп өткен адамдар, ең алдымен, кеденшілерге тап болады. Бүкіл әлемде кеден ұлттық экономиканы қорғайтын орган болып танылған. Мемлекеттің күші мен экономикалық қуаты, бірінші кезекте, оның өз кеден қызметі мен оның жарақтануына деген қарым-қатынасы", - деді ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
2013 жылға дейін Қазақстанның кеден органы құқық қорғау органының барлық функциясын атқарды. Алайда 2013 жылы құқық қорғау органдарына реформа жүргізілді.
Нәтижесінде "еліміздің кеден шекарасын контрабандистерден, есірткі сатушылар мен басқа да қылмыстық элементтерден қорғаған кеден қызметі Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылымдық бөлімшесіне айналды", деп толықтырды Ахметбеков.
Депутаттың айтуынша, кеден органдары құқық қорғау функциясынан айырылғаннан кейін кеден шекарасы мемлекет тарапынан толық бақыланбай қалды.
"Отандық кеден ардагерлері кейбір лауазымды тұлғалардың заңға қайшы әрекеттері салдарынан мемлекет миллиардтаған кірістен айырылып жатыр деп санайды. Мемлекет басшысы қаңтардағы үндеуінде кеденде тәртіп орнатса, бюджет кірісін әжептәуір арттыруға болатынын атап өтті. Әсіресе, Қытаймен арадағы шекарада. Нағыз былық сол жерде. Көліктер жіті қаралмайды, баж салығы төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен статистикадағы айырмашылық миллиардтаған долларға жетеді", - дейді мәжілісмен.
Тиісуге болмайды деген статусы бар әлдебір "өкілетті операторлар" бар. Қазақстан салық түрінде ондаған миллиард теңгеден айырылып жатыр, деді ол.
Осыған байланысты депутаттар мұндай фактілерге жол бермеу үшін ел президентіне есеп беретін кеден органдарын қайта жаңғырту қажет деп есептейді.