Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина 103 жасында өмірден өтті

0
1 242

Сахна шеберімен қоштасу рәсімі 28 қарашада сағат 09.00-де Мұхтар Әуезов театрында өтеді.


Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина 103 жасында өмірден өтті

ERNUR.KZ. Бүгін 103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық артисі Айша Абдуллина өмірден өтті, деп жазады Tengrinews.kz.

Хабарды Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров растады.

Көрнекті сахна шебері Айша Абдуллина 1916 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны аяқтайды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында шығармашылық еңбек жолын бастайды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбыл Жабаев, Күләш Бәйсейітова, Қ. Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетеді.

Декада қорытындысы бойынша И.В.Сталиннің қолынан "Еңбек Қызыл Ту" орденін алады. Қазақ театр өнерінің тарихында Айша Абдуллина тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдады. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып Ж.Шанин атындағы академиялық театрында 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті. Орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнелерді сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішіндегі Айша Абдуллинаның өнердегі бойтұмары Еңлік, Қызжібек, Дездемона бейнелері еді. Өмірін өнер жолына арнаған ол "Парасат", "Құрмет белгісі", "Ұлы Отан соғысының ардагері" ордендерінің иегері атанды.

Өнер әлемінде қол жеткізген жетістіктері мен ерен еңбегі, шығармашылық жолы - жас буын үшін жарқын үлгі бола білген Айша Абдулиннаның бір ғасырлық мерейтойы - Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкент қалаларында салтанатты жағдайда атап өтіліп, өнер иесі халқына ақ батасын беріп, ән мен жырдан шашу шашты. Ұзақ жылғы өнер мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды.

"Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атағын алды. "Қазақ театр өнерінің тарихында ең ұзақ жасаған актриса Айша апаыздың ақ батасын алған, талай сырдас, дастархандас болған өнердегі жақсы көрген балаларының бірі болғаныма ризамын. Айша Абдуллинаның ұрпағына, тума-туысқандары, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Айша апамыздың өнердегі адалдық пен тазалықты ту еткен жарқын бейнесі, адами келбеті - жүрегімізде сақталады. Иманың жолдас болғай, Айша апа!", - деп жазды Асхат Маемиров.

Сахна шеберімен қоштасу рәсімі 28 қарашада сағат 09.00-де Мұхтар Әуезов театрында өтеді.