Қазақстанның солтүстігінде пойыз тұтас киік табынын қағып кетті

0
102

Видеоны «Аяла» ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы жариялаған.


Қазақстанның солтүстігінде пойыз тұтас киік табынын қағып кетті

Фото: Сәкен Ділдахмет

ERNUR.KZ. Желіде жүріп келе жатқан пойыздың киіктерді қағып кеткен сәті түсірілген видео тарады. ҚТЖ мәліметінше, оқиға Ақмола облысында болған, деп жазады ulysmedia.kz.

Видеоны «Аяла» ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы жариялаған. Кадрлардан пойыздың асқан жылдамдықпен табынға соғылғаны көрінеді. Жануарлар теміржолдан жүгіріп өтпек болғанымен, үлгермеген.

– Ақбөкендер – Saiga tatarica – Ұлы далада мыңдаған жыл бойы көшіп-қонып жүрген жануар. Бүгінде олардың жолы бөлініп қалды: теміржолдар, автожолдар, табиғат ерекшелігі ескерілмей салынған инфрақұрылымдар бар. Жануарлар осындай кедергілерден өтпек болғанда үнемі қырылып жатыр, – дейді жазба авторлары.

ҚТЖ ЖАУАБЫ

«Қазақстан темір жолы» таратылған видео ескі бейне екенін мәлімдеді. Компанияның дерегінше, бұл 2024-2025 жылдары Қолутон – Жалтыр және Жеңіс – Қызылжар учаскелерінде болған. Ол кезде бұл аумақтарда қоршаулар болмаған.

– Қазір теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде жүйелі қиындық туындап отыр. Бір жағынан, ҚТЖ жануарлардың жолға шығып кетуінің алдын алу үшін арнайы қоршаулар орнатып жатыр. Екінші жағынан, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі жөніндегі аумақтық инспекциялар бұл құрылымдарды киіктердің табиғи көші-қонына кедергі келтіреді деп, оларды алып тастауды ұсынып отыр. Экологтардың талабына байланысты компания қорғаныш қоршауларын алып тастайды, соның салдарынан жабайы жануарлар қайтадан теміржолға шығады, – деп түсіндірді ұлттық компания.

Сонымен қатар, ҚТЖ пойыздың жылдам тоқтай алмайтынын еске салды. Сондықтан табын жолға кенеттен шығып қалған жағдайда соқтығыстың алдын алу өте қиын.