Темір жол саласындағы әйелдер қозғалыстың қауіпсіздігіне жауап беріп, жолаушылар кешеніндегі жұмысты атқарады, экономикалық және кадрлық мәселелерді шешеді.
ERNUR.KZ. Қазақстанның темір жол саласында 7 мыңға тарта көпбалалы ана еңбек етеді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Халықаралық әйелдер күні қарсаңызда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ барлық филиалдары мен құрылымдық бөлімшелері нәзік жандарды мерекемен құттықтады. Қазақстанның темір жол саласында қазіргі таңда ерлермен қатар, 33 мың әйел тер төгіп жүр», - делінген ҚТЖ хабарламасында.
Темір жол саласындағы әйелдер қозғалыстың қауіпсіздігіне жауап беріп, жолаушылар кешеніндегі жұмысты атқарады, экономикалық және кадрлық мәселелерді шешеді. Ең күрделі әрі сипаты әртүрлі аумақтарда теміржолшы әйелдер шынайы кәсібиліктің және жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген салтанатты шарада «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев саланың дамуында әйелдердің қосып жатқан үлесі мол екенін ерекше атап өтті. Нәзік жандардың еңбегі де бағаланып отыр. Өткен жылы ғана 500-ге тарта қызметкер әртүрлі марапаттарға ие болған.
Қазіргі таңда 7 мыңға тарта ҚТЖ қызметкері - көпбалалы ана. Олардың жетпісі «Күміс алқа» және «Алтын алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталған.
«Әйелдердің күрделі жұмыспен бірге отбасылық шаруаларды қоса атқарып жүргенін ерекше атап өту керек», - дейді ҚТЖ басшысы.
Салтанатты шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінде темір жол кәсіпорнында еңбек ететін 15 үздік қызметкерге құрмет грамоталары табысталды. Арулар күніне орай ҚТЖ өнерлі қызметкерлері мен балалар арнайы концерт қойып, көптің қошеметіне ие болды.