"Қажымұқан" фильмі Оңтүстік Кореядағы фестивальде қос жүлде жеңді

0
78

Қазақстандық "Қажымұқан" тарихи фильмі Сеулде өткен халықаралық кинофестивальде Гран-при иеленіп, "Ең үздік фильм" номинациясында үздік атанды.


Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Сондай-ақ басты рөлді сомдаған актер Ербол Төлепберген "Үздік басты рөл" жүлдесін алды деп жазады inbusiness.kz.

Туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильмде қазақтың тұңғыш чемпионы, аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі, оның спорттағы жетістіктерімен бірге ел рухын көтерудегі рөлі суреттеледі. Режиссер Қанағат Мұстафин он жылдан астам зерттеу жүргізіп, тарихи деректерді негізге алған.

Бұған дейін "Қажымұқан" Италияда өткен халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде де бірнеше марапатқа ие болған.

Ал Қазақстанда фильм өткен жылы кең көлемде прокатқа шығып, Қазақ киносының онкүндігі аясында да көрсетілген.

Айта кетейік, XI Сеул халықаралық "WebFEST" 28 елмен әріптестік орнатқан. Фестиваль заманауи веб-контентті дамытуға бағытталған және бүкіл әлем бойынша онлайн көрсетілімдер ұйымдастырады.

Биыл іс-шараға 21 номинация бойынша 160 шығарма ұсынылды, оның ішінде 20-сы корей, 22-сі шетел туындылары.