2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 26 млрд текше метр су жиналды.
ERNUR.KZ. Ал, 2 маусымдағы жағдай бойынша Алматы және Жетісу облыстарындағы ірі су қоймаларына 18,8 млрд текше метр су жиналды. Бұл –жобалық сыйымдылықтың 85%-ы. Суару маусымының алдында Жамбыл облысында Киров су қоймасын қоса алғанда, 1 млрд 245 млн текше метр су немесе 82% су жиналды. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Алмас Мұсабеков ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, су тапшылығы тәуекелдерін азайту мақсатында Шу-Талас су шаруашылығы жөніндегі комиссиясының 35-отырысында вегетациялық кезеңге арналған су беру кестелері бекітілді. Келісімге сәйкес, суару маусымында елімізге Шу өзені арқылы 180 млн текше метр, Талас өзенімен 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр. Бұл келісімдер қамтамасыз етілген жағдайда, суару маусымы өткен жылғы деңгейде өтеді деп күтіледі.
«Арал-Сырдария бассейні бойынша Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамды кестесіне сәйкес, 1 сәуірге Шардара су қоймасына 10,9 млрд текше метр су келеді деп күтілген, нақты түскені – 12,6 млрд текше метр. Яғни су бастапқы болжамнан 1,7 млрд текше метрге артық келді. Вегетация кезеңіне Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд текше метр көлемінде су келетіні көзделген. Сәуір айында қоймаға 1 млрд текше метр су түсті, ал мамыр айында 134 млн текше метр түсті. Осыған орай, Шардара қоймасына тұрақты су келуін қамтамасыз ету мақсатында, Министрлік Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының аясында жұмыс режимін сақтау бойынша көршілес елдермен жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр», – деді спикер.
Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, 30 мамырда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітілді. Бұл құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
2 маусымдағы жағдай бойынша Арал-Сырдария бассейніндегі су қоймаларының орташа толымдылығы – 66% немесе 3,6 млрд текше метр. Осыған байланысты Түркістан және Қызылорда облыстарында тәуекелдер сақталуда. Атап айтқанда, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бөген су қоймасына 357 млн текше метр су жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас болғанымен, бүгінде қоймадағы су көлемі 229 млн текше метрге дейін төмендеді. Бұл жағдай вегетациялық кезеңнің бастапқы сатысында су алудың қарқынды жүруімен тікелей байланысты.
Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері су үнемдеу технологияларын, түнгі және кезектесіп суаруды қолдану қажет.
«Жалпы вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық әдіспен тазалады. 488 гидротехникалық құрылысжайды жөндеді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есе артық», – деді ведомство өкілі.
Биыл Министрлік «Қазсушар» филиалдарының техника паркін жаңарту үшін қаржылық лизинг аясында 757 арнайы техниканы сатып алуды бастады. Қазіргі уақытта филиалдарға 303 техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалық жолмен тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылып жатыр.