Келесі жылы елімізде оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ

0
114

Мұны Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.


Келесі жылы елімізде оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. 2027 жылы Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады, деп жазады stan.kz.

Мұны Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты. Оның мәліметінше, келесі жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылып, 10-11 сыныптарға арналған оқулықтар қайта қаралады.

“2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. Ал 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11 сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарланып отыр”, – деді министрі.

Министрдің сөзінше, 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылады.

“Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен қатар олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады”, – деді министр.

Сонымен қатар өндірісте теориялық дайындық пен кәсіби дағдылардың тиімділігін қамтамасыз ететін дуальды оқыту жүйесі күшейтіледі. Онымен қоса техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше назар аударылмақ.

Министрлік өскелең ұрпақты оқытудың және лайықты тәрбиелеудің барлық сатысында білім беру сапасын арттыру арқылы зияткер ұрпақты қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдайды.

Тәрбие жұмысы 5-9 сыныптарды қамтитын “Адал Азамат” Бірыңғай бағдарламасын, “Конституция негіздері”, “Заң мен тәртіп” курстарын, экологиялық білім беруді енгізу арқылы күшейтіледі. Бұл азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, әлеуметтік және экологиялық құзыреттерді қалыптастырады.