"Халық коронавирустан емес, Q-net компаниясынан уланып жатыр": Алматы облысында алданған жұрт бас көтерді

0
979

Алданған көпшіліктің сөзінше, компания "саяхаттайсыздар" деп қолдарына карта мен кітапшалар беріпті. Бірақ, ол жарамсыз екен.


ERNUR.KZ. Алматы облысында Q-net компаниясына оңбай алдандық деген халық бас көтеріп жатыр. Қазірдің өзінде бір ғана Талдықорғанда 240 адам полицияға арыз жазған. Жәбірленушілердің сөзінше, аталған компанияға кіру үшін 800 мың теңгеден салыпты. Соңында табыс та, салған ақшамыз да жоқ деп отыр, деп жазады Stan.kz.

Талдықорғандық Ернат Дүйсенбеков Q-net компаниясына оңбай алданғандарды бірі. Сөзінше, ол барлық талапқа көніп, қызын және күйеу баласын аталған компанияға кіргізген. Бірақ, кейін компания "1-2 адам ғана емес, одан да көп әкел" деп есігін ашпай қойыпты.

"Ақшасын төлеп кірдік, 3 күн оқытты. Болғаннан кейін бізге "барыңдар да, енді өздерің кісі іздеңдер" деді. Ары іздедік, бері іздедік, ондай сомаға қазір ешкім кірмейді. Болмаған соң, "істесеңдер істеңдер, істемесеңдер мүлде офиске кірмеңдер" деді. Болды", - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ернат Дүйсенбеков.

"Мұнда кіру үшін, адамды алдау керек екен. Адамды алдамасаң, ақша жүрмейді. Адамды алдап қана кіргізеді бұл жаққа. Кредит алады, оны алған адамға 400 мың, тағы басқа 800 мың. Өзім 2,5 млн салдым", - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Альмира Бекболатқызы.

"Ешкім қарамайды, біздің аразымызды. Кім қарайды оны? Үкіметтің, қыржы министрлігіндегілерге айтамын, қараңыздаршы, халық коронавирустан емес, Q-net компаниясының атын жамылған адамдардан уланып жатыр", - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Шәмшия Айтқожақызы.

Алданған көпшіліктің сөзінше, компания "саяхаттайсыздар" деп қолдарына карта мен кітапшалар беріпті. Бірақ, ол жарамсыз екен.

Полицияда 2 жылдан бері аталған компанияға арыз түсіп жатқанын мәлімдеді.

"Қылмыстың іс бойынша 240 арыз бар. Күдікті бар. Қазір қамауда 3 адам отыр", - деді Алматы облыстық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Болат Идиалов.

Жиналған жұрт "Алматы облыстық полиция департаментіне бірнеше рет арыз жазсақ та, іс әлі күнге дейін сотқа жетпеді" деп наразы. Жәбірленушілердің сөзінше, Q-net компаниясы қалада офистерін жиі ауыстырады, сонымен бірге, қызметкерлері де ауысып отырады.