Халық санағына деп алынған планшеттер кейін қайда жұмсалатыны белгілі болды

0
548

Қазір халық санағы бойынша дайындық кезеңі жүріп жатыр.


Халық санағына деп алынған планшеттер кейін қайда жұмсалатыны белгілі болды

ERNUR.KZ. Биылғы халық санағын өткізуге 27 мың планшет алынды. Санақ біткен соң планшеттер бірінші кезекте Білім басқармаларына беріледі, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы Ұлттық халық санағы 2021-дің ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы айтты.

Ұлттық халық санағының ресми өкілі биыл электронды форматта өткелі отырған санақтың мән-жайын баяндап берді.

Халық санағын жүргізу бойынша 27 мыңнан астам планшет алынған. Санақ жүрген кезде ол арнайы VPN көзіне қосылады, яғни біз әдетте қосылып жүрген интернетке қосылмайды. Тұрғындармен сауал жүргізіліп біткен сәтте контейнер бірден жабылып, мәлімет Ұлттық статистика серверінің орталығына келіп түседі. Ол жабылған соң, ешкім оны өзгерте алмайды, тіптен сауалнама жүргізген адам да. Ал интернеті жоқ, мүлдем байланысы жоқ елді мекендерде мәліметтер планшетте жинақталады, контейнер жабылған соң оны аша алмайсың. Интервьюер кейін әкімдіктегі мемлекеттік қызметшілердің арнайы торабы арқылы жібереді, - дейді ол.

Оның айтуынша, халық санағы біткен соң, планшеттер бірінші кезекте Білім бөлімдеріне берілмек.

Санақ біткеннен кейін планшеттердің бір бөлігі Статистика комитетінің аудандық департаменттерінің қажеттілігіне беріледі. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қажетіне және Білім басқармалары мен бөлімдеріне, мектептерге, Денсаулық сақтау басқармалары мен ауруханаларға тапсырылады, - деді ол.

Қазір халық санағы бойынша дайындық кезеңі жүріп жатыр. 1 маусымнан бастап барлығы 5 405 интервьюер және 773 нұсқаушы-бақылаушы қажетті мәліметтерді жинауда.

Интервьюерлер қазір тұрғындардың мекенжайларын нақтылап, онда неше адам тұратынын анықтауда. Бұл санақ жүргізуді аудандарға бөлу үшін керек. Ертең нағыз санақ басталғанда, жүктемені интервьюерлерге теңдей етіп бөлу үшін қажет. Ол кезде адамдардан жеке мәліметтер сұралмайды, тек үйде қанша адам тұратыны нақтыланады, - дейді Олжас Сайлаубекұлы.

Ал 1 қыркүйекте негізгі халық санағы басталғанда, тұрғындарға 87 сұрақ қойылады екен.

Негізгі санақ кезінде тұрғындарға кеңейтілген сұрақтар қойылады. Үйдің жағдайы, демография, әлеуметтік сала бойынша, шетелде жүрген адамдарға бағытталған сұрақтар бар. Көбінде үй газ, сумен қамтылған ба деген сияқты сауалдар қойылады. Ондағы сұрақтармен sanaq.gov.kz сайтында Санақ парағы деген беттен танысуға болады. Санақ кезінде қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі бұрыннан бар сұрақтар. Дегенмен осы жолы азаматтардың мүгедектігіне қатысты сұрақтар қосылды, - деді ол.

Сондай-ақ биылғы халық санағы онлайн форматта да өтеді. Ол үшін sanaq.gov.kz порталына кіріп, сауалдарға жауап беруіңіз керек.

1 қыркүйектен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz порталында онлайн санақтан өтуге болады. Адамдар үйінде отырып, асықпай сауалдарға жауап бере алады. Бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Ол жерде тіркеліп, сауалдардың барлығына жауап берген соң телефоныңызға немесе электрондық поштаңызға санақтан өткеніңіз туралы хабарлама келеді. Ол хабарламаны өшіруге болмайды, ертең интервьюер келгенде көрсетесіз. Ол сіздің санақтан өткеніңізді білдіреді, - дейді Сайлаубекұлы.