"Халыққа қызмет емес, қиянат көрсету орталығы": Дәнекер Оразбай ХҚКО-дағы жүйені сынға алды

0
83

Дәнекер Оразбай жүйедегі баяулықты сынап, айыппұл туралы хабарламалардың тез келетініне назар аударды.


Фото: Видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Танымал актер, “Нысана” театрының әртісі Дәнекер Оразбай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы қызмет көрсету сапасына қатысты наразылығын білдірді. Оның айтуынша, ұлы жүргізуші куәлігін алу үшін орталыққа барған, алайда құжат рәсімдеу процесі бірнеше күнге созылып кеткен, деп жазады stan.kz.

Дәнекер Оразбайдың сөзінше, олар мамандандырылған ХҚКО-да екінші күн қатарынан жүр. Ол мекемеде бірде жарық өшіп қалатынын, бірде дерекқор істемей қалатынын, ал ондағы ауа баптағыштардың мүлде жұмыс істемейтінін айтты. Сондай-ақ кейде электрон таблолар да дұрыс көрсетпей, кезек жүйесінде қиындық туындайтынын жеткізді.

“Ұлым жүргізуші куәлігін аламын деп, мамандандырылған ХҚКО-да жүргенімізге бүгін екінші күн. Біресе жарық өшеді, біресе дерекқор істемей қалады. Кондиционерлері мүлде жұмыс істемейді, кейде таблолары да тоқтап қалады. 1414-тен SMS күт дейді, ал ол хабарлама келмейді”, – деді ол.

Дәнекер Оразбай жүйедегі баяулықты сынап, айыппұл туралы хабарламалардың тез келетініне назар аударды. Ол мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде де осындай жеделдік болуы керек деп есептейді.

“Көлік айдап жүргенде ереже бұзсақ, айыппұл туралы хабарлама сол сәтте келіп тұрады. Неге айыппұл тез келеді де, базаға тіркелдің деген хабарлама уақытында келмейді? – деді ол.

Ол жауапты басшылардан мамандандырылған ХҚКО-дағы дерекқор, интернет және жалпы қызмет көрсету жүйесін реттеуді сұрады. Дәнекер Оразбайдың айтуынша, мұндай жағдай халыққа қолайсыздық тудырып отыр.

“Мұның атын халыққа қызмет көрсету орталығы емес, халыққа қиянат көрсету орталығы деп өзгерту керек сияқты. Басшылар кішкене болсын база мен интернет жүйесін қарап, дамытса екен. Әйтпесе, мынау болмайды”, – деді Дәнекер Оразбай.