Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қоршауға түсіп қалды

0
1 279

Орталық жұмысымен танысуға келген вице- министр қоршауда қалды.


Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қоршауға түсіп қалды

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана ЖАҚЫПОВА көп балалы аналардың қоршауында қалып қойды, деп жазады zhasalash.kz.

Елордадағы жұмыспен қамту орталығына әдетте 500 адам келсе, қазір күніне мыңдаған адам келетін болған. Үкіметтен берілетін 21 мың теңге жәрдемақыны алу үшін жинайтын құжаттар көбейіп кетіпті дейді аналар.

«Шаруа бір-ақ құжатпен бітіп жатқан жоқ! Міне, копиясының өзін 600 теңгеге өткіздім. Әрбір документтің көшірмесі қажет екен. Қаптаған ел кезекте тұр. Шаршадық, беретін 20 мың 700 теңгені неге мазақ етіп береді?» — дейді тілшілерге көп балалы ана Динара ОМАРОВА.

«Маған жәрдемақы төленбейтін болыпты. Себебі табысым мөлшерден 553 теңге артық. Ал менің балама жасалатын массаждың ақшасы, реабилитация орталығына кететін шығынды да есепке алмайды», — дейді тағы бір ана Қымбат ЖҰМАНОВА.

Кеше астаналық көп балалы аналар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілгіне кіре алмай Мәжілістің ғимаратын басып кірген болатын. Олар атаулы әлеуметтік көмектің аздығын және оны алу үшін қағазбастылыққа салынатынын айтқан-ды (Бұл туралы Жас АЛАШ жазды.)

Бірақ көп балалы аналардың алдынан мемлекеттік БАҚ төбесіне көтеретін министр Бердібек САПАРБАЕВ та, Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН де шықпады. Екі бауыры да өзі сынды депутат Нұрлан Нығматулин мен балалары өзі сынды әкім Бердібек Сапарбаевқа қарағанда вице-министр Светлана Жақыпова кешеден бері аналардың мұң-мұқтажын тыңдап жүр. Бүгін орталықтың жұмысымен танысуға келген вице-министр кешегідей тағы да аналардың қоршауында қалып қойды. Бекіністей Үкімет үйіне асыққанымен көпшіліктің сұрағына жауап беріп, бір сағат аялдауына тура келді.

«Орталықтың жұмысы қызу істеп жатыр. Бағдарламаларды кеше ғана орнатып, адамдарды отырғыздық. Менің әріптесім Нариман МҰҚЫШЕВ барлық жұмыспен қамту орталықтарында болып жүр. Сондықтан да шыдамды болайық», — деді Жақыпова ханым.

Орталық мамандары жаңа режимге шыдай алмай жұмыстан кетіп жатыр екен. Үкіметтен берілетін айналдырған 21 мың теңгені алатын кезде құжат рәсімдейтін мамандар да тапшы бола бастаған. Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Абай БАЙМОЛДИННІҢ айтуынша, қызметкерлерінің айлығы 80 мың теңге. Көбі аз ақшаға ауыр жұмыс істеуге пейілді емес.

Қазіргі күнге дейін атаулы көмекті алу үшін 77 мың азамат өтініш берген екен. 1 мамырдан бастап жәрдемақы берілмесе аналар Бердібек Сапарбаевтың есігін қайта қақпақшы.