​Халықтың шағымынан соң Қарағанды әкіміне сөгіс жарияланды

0
962

Абаттандыру нәтижесінде Пришахтинск тұрғындары мектепке апаратын жолдардан айырылды.


​Халықтың шағымынан соң Қарағанды әкіміне сөгіс жарияланды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығының санитарлық жағдайын тексеру барысында Қарағанды басшысы Нұрлан Әубәкіровке сөгіс жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ерлан Қошанов қала шетіндегі аумақтарды аралап көргеннен кейін осындай қорытынды жасаған.

«Өңір басшысы контейнерлік алаңдардың айналасындағы қоқыс, абаттандыру жұмыстарының нашарлығына қатысты тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен Майқұдық және Пришахтинск шағынаудандарының аулаларын көріп қайтты. Жуырда жергілікті телеарнаның бірінде Пришахтинскінің 21-ші ықшам ауданның тұрғындары «100 аула» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстарының сапасына наразылығын білдірген бейнесюжет шыққан болатын. Тұрғындар ауланы қалыпқа келтіру барасында жарықтандыру жүйесі орнатылмағанына, қоқыс салатын контейнерлік алаңға баратын жолдың жоқтығына шағымданды.

Ерлан Қошанов жағдайды өз көзімен көру үшін осы аулаға барды. Облыс әкімі 11-ші үйдің тұрғындарымен сөйлескен соң, аудан және қала басшылығына сын айтты», - делінген әкімдік ақпаратында.

«Біз облыстық бюджеттен «100 аула» бағдарламасына ақша бөлдік. Ал сіздер олардың жұмсалуын қалай бақылап отырсыздар? Бұл бастама адамдарға ыңғайлылық сыйлау үшін құрылған. Алайда, бұл аулада керісінше жағдай бұрыңғыдан да нашар болып отыр», - деп наразылығын білдірді облыс әкімі.

Ол барлық кемшіліктерді жоюды талап етті. Осындай абаттандыру нәтижесінде Пришахтинск тұрғындары мектепке апаратын жолдардан айырылды. Бұрынғы асфальт алып тасталған, ал жаңасы сол беті төселмеген. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты да тәртіп орнатуды тапсырды.

«Сіздерде өткен жылдан бері қалған қоқыс бүкіл қала бойынша жайылып жатыр. Кез келген аулаға барыңыз, санитарлық жағдайдан түршігуге болады. Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін. Мүлдем босаңсып кеттіңіздер!», - деді Ерлан Қошанов қала билігіне қарата.

«Сізге, Нұрлан Ерікбайұлы (Қарағанды қаласының әкімі) сөгіс жариялаймын», - деген ол, қала басшысы мен оның қарамағындағылардың жұмысына нашар баға берді. Ал қалалық мәслихаттың хатшысынан депутаттар бүкіл қаланы аралап, әкімдіктің жұмысына өз бағасын беруін өтінді.