Хиджабпен мектепке келуге бола ма: Оқу-ағарту министрлігі түсіндірді

0
128

Журналистер тамыз айының басында Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды жариялағанын еске салды.


Хиджабпен мектепке келуге бола ма: Оқу-ағарту министрлігі түсіндірді

фото: zakon.kz.

ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 2026 жылғы 17 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандықтарға мектеп формасына қойылатын талаптарды түсіндірді, деп жазады zakon.kz.

Журналистер тамыз айының басында Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды жариялағанын еске салды. Онда бас киім киюге жол берілмейтіні және зайырлылық ұғымын діни ұстанымдардан ажырату қажеттігі айтылған. Осыған байланысты олар бала немесе балалар мектепке діни киіммен келген жағдайда не болатынын сұрады.

"Белгілі бір талаптар бар, Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтары бекітілген. Міндетті мектеп формасына қойылатын жалпы талаптар айқындалған. Бұл – №26 бұйрық, онда барлық талап көрсетілген, яғни білім беру ұйымының қабырғасында бас киіммен жүруге жол берілмейді. Бұл талапты бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деп атап өтті Шынар Ақпарова.

Оның айтуынша, әлеуметтік педагог, мектеп әкімшілігі және сынып жетекшілері бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

"Баланы мектепке қабылдау кезінде ата-анасы білім беру ұйымының Жарғысымен таныстырылады, яғни ата-аналар білім беру ұйымының Жарғысында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Сондай-ақ мектеп пен ата-ана арасында шарт жасалады. Онда ата-аналардың "Білім туралы" заңда және білім беру ұйымының Жарғысында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті екені жазылады. Егер бала аталған талапты бұзатын болса, бұл үшін ата-анасы немесе баланың өзге де заңды өкілдері жауап береді", – деді вице-министр.