​ХҚКО-да кезек күту уақыты 2 сағаттан 40 минутқа қысқартылды

0
151

ІІМ Денсаулық сақтау және Әділет министрліктерімен бірлесіп, 2023 жылдың маусымынан бастап, жаңа туған нәрестелерге ЖСН беру бойынша жобаны іске асырып жатыр.


​ХҚКО-да кезек күту уақыты 2 сағаттан 40 минутқа қысқартылды

Фото: ХҚКО

ERNUR.KZ. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекте тұру уақыты 120 минуттан 40 минутқа дейін қысқарды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп жазады inform.kz.

— «ХҚКО қызметкерлерінің азаматтарды құжаттандыруы» жобасы республикалық маңызы бар қалаларда және еліміздің барлық облыс орталығында жүзеге асырылуда. 2022 жылдан, яғни жоба іске қосылған сәттен бастап, кезекте тұру уақыты 120 минуттан 40 минутқа дейін қысқарып, қызмет алушылардың саны артты. Жалпы ХҚКО қызметкерлері 1 508 346 адамды құжаттандырды, — деді ол ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, ІІМ Денсаулық сақтау және Әділет министрліктерімен бірлесіп, 2023 жылдың маусымынан бастап, жаңа туған нәрестелерге ЖСН беру бойынша жобаны іске асырып жатыр.
— Қазірдің өзінде 45 281 ЖСН берілді. Жоба жаңа туған нәрестелерді мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінде есепке қоюға мүмкіндік береді. Бұл балалар саудасының алдын алуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, ол туу туралы куәлік беру, аналарға арналған жәрдемақыларды шығару, балабақшалар мен мектептерге есепке қою сияқты мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі, — деді Шұғыла Тұрлыбек.