Ол киллерді екі млн теңгеге жалдаған.
Фото: Арайлым Усербаева/mgorod.kz
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында тапсырыспен кісі өлтіру ісі бойынша сот процесі аяқталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Тергеу деректеріне қарағанда, айыпталушы әйел пайдакүнемдік мақсатта күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған. Ол ер адамды 2 миллион теңгеге өлтіруі тиіс болған.
«Прокурор Дина Ізтілеуова сот жарыссөзі кезінде айыпталушылардың кінәсі дәлелденгенін атап өтіп, әйелге 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын, ал киллер болған ер адамға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады», – делінген басылым хабарламасында.
Аталған істі қазылар алқасының екінші құрамы қарауда. Бұған дейін прокурор Доспол Жұбановтың өтінішімен алғашқы құрам таратылған болатын. Ал айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыптармен толық келіспейтінін айтып, қазылардан ақтап шығуды сұрады.
Айыпталушы Эльвира Еркебаеваның адвокаты Тамара Сарсенова мұны «толық заңсыздық» деп атады.
Еске сала кетсек, өткен жылдың наурыз айында БҚО полициясы тапсырыспен кісі өлтірудің алдын алған еді. Жәбірленушінің өміріне қауіп төнбеген. Аталған қылмысқа күдікті ретінде жәбірленушінің бұрынғы әйелі мен оның танысы ұсталған болатын. Тергеу деректеріне сай, әйел кісі өлтіруге қажет қару-жарақ алуы үшін ұйымдастырушыға 1,3 млн теңге берген.