Кімдердің несиесі кешіріледі - түсініктеме

0
5 141

Бұл бір реттік акция ретінде болмақ.


Кімдердің несиесі кешіріледі - түсініктеме

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлығына түсініктеме жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.


Президенттік науқан кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасының Стратегиясын жүзеге асыру ісін жалғастыруға, соның ішінде аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге уәде берді.


Президенттің атына кепілсіз тұтыну несиелерін төлеуге қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде.

Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар (көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар) түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз несиелерін өтеудің жолдарын таба алмай отыр. Бұл мәселе
500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде.

Несиелердің 86%-ынан астамының мөлшері
1 млн. теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері – шамамен 300 мың теңге.


Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев қарызға батқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтты.

Сондықтан, Президент бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Тиісті Жарлыққа қол қойылды.

Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру.


Өкімде Үкіметке және Ұлттық банкке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылған.

Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс.

Несие алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді.

Қалған несие алған азаматтардың қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.


2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады.

Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыпақы, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады.


Тұтыну несиелеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс. Бұл – Президенттің ұстанымы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс.

Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады.

Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар.

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған шұғыл шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге және Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді, делінген Ақорда Баспасөз қызметі жарияланған түсініктемеде.