Бұйрыққа сәйкес, Қаржы министрлігінің "Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы" құжатына бірқатар өзгерістер енгізілген.
ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруға міндетті азаматтардың тізімін бекітті. Тиісті бұйрық жарияланды, деп жазады tengrinews.kz.
Бұйрыққа сәйкес, Қаржы министрлігінің "Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияның нысанын және оны жасау қағидаларын бекіту туралы" құжатына бірқатар өзгерістер енгізілген.
Жаңа талаптарға сай, Салық кодексінің 633-бабына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған жылдан кейінгі келесі жылдан бастап, есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұсыну керек.
Декларацияны кімдер тапсыруы керек?
Декларацияны Қазақстан азаматтары, резидент-жеке тұлғалар есепті салықтық кезең ішінде мынадай шарттардың біріне сәйкес келген кезде тапсырады:
- "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" ҚР Заңына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;
- инвестициялық портфельді басқаратын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;
- коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын (қатысушыларын) қоспағанда, жарғылық капиталындағы үлестің (акционерлік қоғам акцияларының) 10 пайыздан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары;
- жеке практикамен айналысатын адамдар;
- кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді қоспағанда, есепті салықтық кезеңде жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірісті алған жеке тұлғалар;
- есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан шегінен тысқары жерде орналасқан шетелдік банктердің банк шоттарында жиынтығында айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 1 000 еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар адамдар;
- есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі бар адамдар;
- есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар адамдар;
- Қазақстанда және (немесе) оның шегінен тыс жерлерде есепті салықтық кезең ішінде құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын АЕК-тің 20 000 еселенген мөлшерінен асатын мүлікті: мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті; мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін; бағалы қағаздарды; туынды қаржы құралдарын (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда); тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін; инвестициялық алтынды сатып алған адамдар;
- салық агентіне өзге шегерімдердің алдын ала сомасы түрінде салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш ұсынған адамдар.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
