Қоғамдық көлікте жүру тарифі өзгермейді

0
823

Бүгіннен бастап барлық қалалық бағыттағы маршрут қатынайды.


Қоғамдық көлікте жүру тарифі өзгермейді

ERNUR.KZ. "City Transportation Systems" басқару компаниясының төрағасы Бекмырза Игенбердинов 12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қоғамдық көліктер жүре бастағанын айтты, деп жазады baq.kz.


Бүгіннен бастап барлық қалалық бағыттағы маршрут қатынайды. Қаладан тыс маршруттар жайлы кейінірек ақпарат беретін боламыз. Сонымен қатар, бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтылғандай, автобустардағы адамның саны қатаң бақыланатын болады. Автобусқа кіру алдыңғы есік арқылы жүзеге асады. Сол арқылы жүргізуші автобустағы адамның толуын, тұрғындар арасындағы арақашықтықты және барлығының бетперде кигенін бақылай алады. Қаулыдағы талаптарды орындау мақсатында адамдарды тасымалдау үшін біз автобус парктерін бірнеше автобуспен қамтитын боламыз, - деді компания төрағасы.
Сонымен қатар, 2020 жылдың 20 наурызында белгіленген жол тарифі өзгермейтіндігі жеткізді.

18-ге толмаған балалар әлі де автобустарда тегін жүре алады. Ол үшін әр балада өз картасы болуы шарт. Санитарлық нормаларды орындау үшін автобус тұрақтарында сақтық шаралары қатаң сақталуда. Соңғы аялдамаларда және көлік жуу станцияларында әрбір автобусқа дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Жүргізушілер бетперде, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Карантин режимін сақтау бойынша барлық жүргізуші сақтық шаралары бойынша ақпарат алды, - деді Бекмырза Игенбердинов.

Сонымен қатар, бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтылғандай, автобустарда жүру қолма-қол ақшасыз жүзеге асатын болатындығын жеткізді.