Көкшетауда ЖЭО құрылысы бойынша жұмыстар биыл басталады

0
640

Жиында Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысының жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.


Көкшетауда ЖЭО құрылысы бойынша жұмыстар биыл басталады

ERNUR.KZ. Көкшетауда ЖЭО құрылысы бойынша жұмыстар биылғы жылдың үшінші тоқсанында басталады. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Ахметжановтың «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдерімен өткізген кеңесте айтылды, деп жазады inform.kz.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысының жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ЖЭО құрылысына ерекше көңіл бөлінеді. Біз барлық күш-жігерімізді салып, жобаны уәде етілген мерзімде іске асыруымыз керек», - деді М.Ахметжанов.

Сонымен бірге, жиында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов кеңеске қатысушыларды жобалық жұмыстардың басталуы және жобаны іске асыру жөнінде алдағы жоспарлар туралы хабардар етті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Самұрық-энерго» АҚ-мен ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін өзектендіру рәсімі басталды және «Көкшетау ЖЭО» ЖШС құрылды.

«ИНТЕР РАО-Экспорт» ЖШҚ-мен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасасу келісу сатысында, жер учаскесін бөлу және бастапқы деректерді жинау мәселесі пысықталуда. Дайындық жұмыстарын, атап айтқанда аумақты қоршау, кірме жолдарды салу және инженерлік ізденістерді биылғы жылдың 3-тоқсанында бастау жоспарланып отыр.

Айта кетсек, осы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында Көкшетау қаласында жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісім жасалған болатын. Қызметті үйлестіру екі елдің Энергетика министрлігіне жүктелген. Уәкілетті ұйымдар «Самұрық-Энерго» АҚ және «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ болып белгіленді.