Оқиға Жамбыл ауданындағы аңшылық шаруашылығының аумағында болған.
Фото: КТК
Оқиға Жамбыл ауданындағы аңшылық шаруашылығының аумағында болған. Шаруашылық басшысы Павел Тёпенко әріптестерімен бірге жоспарлы рейдке шыққанда түн ішінде атылған мылтық дауысын естіген. Дыбыс шыққан жаққа барған қорықшылар пикаптағы адамдардың көлік жарығымен елікті қуып жүргенін көрген.
Олардың айтуынша, көліктегілер жас ұрғашы елікті жүріп келе жатып атқан, кейін жараланған жануарды бауыздаған. Алайда бұл аумақта елік атуға ешкімге рұқсат берілмеген.
Қорықшылар тоқтауды талап еткенде, топ көлікке отырып, қашуға әрекеттенген. Павел Тёпенко оларды тоқтатпақ болған сәтте жарақат алған.
"Қолымды ішке сұғып, көліктің есігін ашуға тырыстым. Сол кезде әйнекті көтеріп, қолымды қысып қалды. Көлік қозғалып бара жатқандықтан, сол қолыммен төбесіндегі рейлингке жармастым. Олар мені шамамен 100 метр сүйреді. Сол қолыммен ұсталып, тізем жерге тиіп, сүйретіліп бардым. Соның салдарынан иығым шығып, тізе буыным мен сіңірлерім созылды. Кейін аяғыма гипс салды", – дейді Жамбыл ауданындағы аңшылық шаруашылығының басшысы.
Тёпенконың сөзінше, пикаптың алдына екінші қорықшы шығып, жолын бөгегенде ғана жүргізуші тоқтаған.
Оқиға орнына полиция шақырылған. Қорықшылар тәртіп сақшылары келгенше көліктегілермен болған әңгімені видеоға түсірген. Бейнежазбада олардың арасында "осал адамдар жоқ" деген сөздер айтылғаны естіледі. Қорықшылар болса, лауазымына қарамастан, болған жағдайға құқықтық баға берілуі керек екенін жеткізген.
Олардың мәліметінше, көліктегі бес адамның арасында көрші орман шаруашылығының басшысы мен полиция қызметкері болған. Дегенмен орман шаруашылығы басшысының қатысы туралы ақпаратқа қатысты ресми расталмады. Ал полиция өз қызметкерінің оқиғаға қатысуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.
Қорықшы Владимир Даршт топтағы адамдардан ішімдік иісі шыққанын айтады. Оның сөзінше, олар өздерін сенімді ұстап, ықпалды адамдар екенін алға тартқан.
"Бесеу болды, олардан алкогольдің иісі шығып тұрды. Ештеңеден қорықпай, сенімді сөйледі. Мұнда осал адамдар жиналмағанын айтты. Полиция көлікті ашып, тексерген кезде ішінен бөлшектелген тағы екі еліктің етін көрдік. Екеуі де төл екен", – дейді қорықшы.
Бұл дерек бойынша заңсыз аң аулау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Пикапқа мөр басылып, аудандық полиция бөлімінің аумағына қойылған.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша бес адамнан құралған топ үш сібір елігін атып алған. Оларды қорықшылар тоқтатқан.
"Медициналық куәландыру нәтижесінде екі адамның мас күйде болғаны анықталды. Тергеу аясында оқиғаға еңбек демалысында жүрген құқық қорғау органы қызметкерінің қатысқаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Жарақат алған Павел Тёпенко қазір қызметіне қайта кіріскен. Ол әріптестерімен бірге тергеудің әділ жүргізіліп, оқиғаға қатысқандардың әрекетіне заң аясында баға беріледі деп үміттеніп отыр


