Жаңа жобалар – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты
Түркістан облысында инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыру, өндірістік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвесторлар көтерген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың өзекті мәселелері мен жаңа инвестициялық бастамалар қаралды.
Барлық инвестициялық жобаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жіті назарында. Нұралхан Көшеров көтерілген мәселелердің шұғыл шешімін табуы керектігін атап өтті. Инвесторлар алдындағы міндеттемелерді орындау және жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асуын қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Өңірдегі барлық инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы облыс әкімінің жіті бақылауында. Нұралхан Көшеров әрбір жобаның уақтылы жүзеге асырылуына, туындаған мәселелердің жедел шешілуіне және инвесторларға қажетті жағдайлардың жасалуына ерекше назар аударуды тапсырды. Жауапты басқармаларға белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етіп, жобалардың іске асу барысы бойынша тұрақты бақылау жүргізу міндеттелді.
Жиында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысы сараланып, жаңадан қолға алынған кәсіпорындар таныстырылды. Негізгі назар электр қуатына қосылу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жер учаскелерін бөлу және қажетті келісу рәсімдеріне аударылды.
Түркістан облысында биогаз негізінде энергия және органоминералды тыңайтқыштар өндіру кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Жиында кәсіпорынды электр желілеріне қосу, қолданыстағы электр желілерін пайдалану, сондай-ақ электр, газ және сумен жабдықтау мәселелері көтерілді.
Сауран ауданындағы қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясының құрылысына қатысты бірқатар мәселе пысықталды. Сондай-ақ «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бір реттік ыдыс-аяқ өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынның өндірістік қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында тапсырмалар берілді.
Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақта биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндіретін зауыттың құрылысына қатысты мәселелер қаралды. Құрылыс кезеңінде нысанды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу тапсырылды.
Инвестициялық штаб отырысында өңірде жүзеге асыру жоспарланған жаңа жобалар да таныстырылды. Атап айтқанда, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында өнеркәсіптік кешен салу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру жолдары сараланды. Сауран ауданында жылыжай кешенін салу бастамасы ұсынылды. Ал Түркістан қаласында заманауи тұрғын үй кешенін салу жоспарлануда.
Отырыс қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу жолдарын нақтылауды тапсырды. Инженерлік инфрақұрылымға қосылу және тиісті келісу рәсімдерін жеделдету бойынша жауапты органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру міндеттелді. Сонымен қатар әрбір мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, белгіленген мерзімде тиісті жұмыстарды жүргізу қажеттігі атап өтілді.


