Көлікте белдік тақпай жүргендердің айыппұлы есептен шығарылады

0
112

Әкімшілік рақымшылық жасау соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзу деректеріне салынған айыппұлдарға қолданылмайды.


Көлікте белдік тақпай жүргендердің айыппұлы есептен шығарылады

Фото: Freepik

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов әкімшілік рақымшылық жасау аясында қандай айыппұлдар есептен шығарылатынын айтты, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, мұндай құқық бұзу деректерінің басым бөлігі жол қауіпсіздігі саласына қатысты.
– Бұл тұрғыда белдікті тақпай жүргендер, жолдағы таңбаларды елемеу сияқты жағдайлар қамтылды. Ал жылдамдықты асырып жүргендердің айыппұлы есептен шығарылмайды, - деді С. Әділов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, тыныштық пен абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлға тартылғандар әкімшілік рақымшылыққа ілігеді.

Бұдан бұрын хабарлаанғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң мен ілеспе құжат мақұлданды.

Оның аясында елде қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жарияланбақ.

Мұнымен қоса, әкімшілік рақымшылық аясында құқық бұзу деректері үшін салынған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан келесі адамдарды толық босату ұсынылды:

- Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын жеке тұлғаларды;

- жеке кәсіпкерлер қатарындағы кәсіпкерлік субъектілерін;

- жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын.

Әкімшілік рақымшылық жасау соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзу деректеріне салынған айыппұлдарға қолданылмайды.