Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған.
Фото: tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Алматы облысының Іле ауданында көлік апаты болып, салдарынан үш мектеп оқушысы қаза тапты, деп жазады stan.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушыларының бірі ата-анасының көлігін рұқсатсыз алып, үш досымен бірге серуенге шыққан.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 27 мамыр күні таңғы сағат 04:20 шамасында Төңкеріс – Байсерке – Қараой тасжолында болған.
Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Ол рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен жолаушылардың бірі көз жұмды. Тағы екі адам медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда олардың бірі ауруханада көз жұмды", – деп хабарлады полиция өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
"Барлық жағдайлар анықталғаннан кейін заңды өкілдерге қатысты да қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады", – делінген хабарламада.