Колледж студенттерінің басым бөлігі жатақханамен қамтылған

0
84

Қазақстан колледждері шетелдік ұйымдармен стратегиялық әріптестік орнатып, бірлескен бағдарламалар іске қосылуда.


Колледж студенттерінің басым бөлігі жатақханамен қамтылған

ERNUR.KZ. Биыл интернационализация аясында 7 шетелдік колледж еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне интеграцияланды. Бұл жаңашылдықтың тетіктері туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов ОКҚ алаңында айтты.

Оның мәлімдеуінше, серіктес елдер қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания және Грузия бар.

«Бұл студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің білім беру саласындағы халықаралық беделін нығайтады. Алдағы уақытта жаһандық кампустар құру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту және халықаралық аккредитация жүргізу жоспарлануда.Сонымен қатар студенттердің халықаралық деңгейде біліктілігін растайтын Certiport халықаралық сертификаттау жобасы басталып, алғашқы 11 студент IT-сертификат алды», – деді спикер.

Оған қоса, колледж студенттеріне сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғайып, биыл 145 мың орынды құрады. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі-техникалық және технологиялық бағыттар. 2025-26 оқу жылында бір студентке бөлінетін қаржыландыру көлемі 437 мың теңгеден орта есеппен 900 мың теңгеге дейін арттырылады. Барлық студент үшін стипендия көлемі 2024 жылы 2 есе өсті. Жұмысшы біліктілігі бойынша білім алып жатқан студенттер тегін ыстық тамақпен қамтылды.

Биылдың өзінде 2 мыңнан астам жаңа жатақхана орны пайдалануға беріледі. Бүгінде мұқтаж студенттердің 89%-ы жатақханамен қамтамасыз етілді.

110 колледжде оқу-өндірістік инфрақұрылымды жаңарту жоспарланған. Оның ішінде 74 колледжге құны 2,9 млрд теңгені құрайтын материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Цифрландыру бағытында «SMART ТжКБ» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде. Ол педагогтардың қашықтан біліктілігін арттыруға арналған LMS, Білім беру бағдарламаларының тіркелімі, ТжКБ картасы, «Қазақстанның TOP-100 студенті» жобаларын біріктіреді. Жүйе ұлттық білім деректер қорымен интеграцияланады.

Жасанды интеллект негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін жүйе іске қосылып, талапкерлер үшін арнайы AI-ассистент енгізіледі. Бұл виртуалды көмекші мамандықтар туралы жекелендірілген ақпарат ұсынады, оқу орнын/мамандықты таңдауға көмектеседі, сұрақтарға интерактивті жауап береді. Нәтижесінде абитуриенттер мен ата-аналар тәулік бойы өзекті әрі түсінікті ақпаратқа қол жеткізеді.