AI Lab+ зертханасының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болды.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
ERNUR.KZ. APEC PetroTechnic жоғары колледжі базасында AI Lab+ жасанды интеллект зертханасы іске қосылды, деп жазады inform.kz.
Жаңа білім беру алаңы Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды қадамына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға басымдық берілетін кезең ретінде айқындап, бұл бағыттың ел экономикасы мен технологиялық ілгерілеуіндегі стратегиялық маңызын атап өткен болатын.
AI Lab+ зертханасының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болды. Қазіргі уақытта екі ел арасында студенттер алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ «Цифрлық Жібек жолы» бағытында бастамаларды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
AI Lab+ зертханасы студенттердің жасанды интеллект, робототехника, компьютерлік көру және басқа да цифрлық технологиялар салаларындағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда білім алушылар өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда тәжірибе жинақтай алады.
Зертхана бірнеше заманауи оқу-зертханалық кешендермен жабдықталған. Атап айтқанда, жасанды интеллект құрылғыларына арналған кешен студенттерге бейне мен дыбысты тану, сондай-ақ «ақылды кампус» жүйелерін әзірлеуді меңгеруге мүмкіндік береді. Ал роботталған бақылау кешені өндірістік процестерді модельдеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, ROS негізіндегі автономды көлік платформасы мобильді роботтар мен автономды басқару жүйелерін тәжірибе жүзінде зерттеуге жол ашады.
AI Lab+ зертханасы студенттер үшін ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобаларды іске асыратын тиімді алаңға айналып, еліміздің цифрлық трансформациясына үлес қоспақ.


