Бұл "2011 жылы 26 желтоқсанда қабылданған кодекстің "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 518, 1-бап, 17-2-тармақшасында" жазылған.
ERNUR.KZ. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер қандай отбасы көпбалалы саналатынын түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.
"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы алып тасталды (оның орнына әлеуметтік көмек енгізілді), ал төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырса, бұрынғыша көпбалалы отбасы саналады. Бұл "2011 жылы 26 желтоқсанда қабылданған кодекстің "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 518, 1-бап, 17-2-тармақшасында" жазылған", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
"Көп балалы отбасы - кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі аусымда оқитын балалары бар отбасы, бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымын бітірген уақытқа дейін (жиырма үш жасқа толғанға дейін) бұл санатқа кіреді", - делінген Кодексте.
"Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заң бойынша бес және одан да көп бала туған не асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда ерте зейнетке шыға алады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы 59 болды, ал 2022 жылға қарай ол 63 жасқа жетеді.
Еске салсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы аналарға көмек көрсетуді күшейтуді тапсырған.
"Үкіметке көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмектің талаптарын күнкөріс деңгейінің 70 пайызына (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге) дейін көтеруді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аз қамтылған отбасындағы балаларға 20 789 теңгеден беріледі. Бұдан бөлек, үкіметке көпбалалы және аз қамтылған, табысы төмен бірақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 40 мыңнан аса жалдамалы пәтер салу тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақстанда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жүйесі арқылы 2-3 пайызбен баспана қарызын бере алатын механизм ойлап табылады.