Көппәтерлі үйдің жарналарын есептеу тәртібі өзгереді

0
90

Көппәтерлі үйдің жарналарын төлеудің ең соңғы мерзімі де бекітілген


Көппәтерлі үйдің жарналарын есептеу тәртібі өзгереді

© Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Қазақстанда көппәтерлі үйлерге қызмет көрсету жарналарын есептеу тәртібі өзгерді. 18 қазанда құрылыс министрінің тиісті бұйрығы күшіне енеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Келесі аптадан бастап көппәтерлі үйдің жарналары бекітілмесе, я болмаса, бұған дейінгі мөлшері тым төмен болған жағдайда жарналар жаңа әдістеме бойынша есептеледі.
Алдымен қазіргі бағалар ескеріледі. Ол үшін кем дегенде үш коммерциялық ұсыныс негізге алынады. Бұдан бөлек, жарналар айлық есептік көрсеткішпен бекітіледі және жыл сайын инфляцияға қарай қайта есептеліп отырады. Ал әкімдік жарналардың ең төменгі мөлшерін анықтайды. Осылайша, көппәтерлі үйді күтіп ұстауға қажетті жарналардың мөлшері тым төмен болса, ондай үйдің төлемдері көтеріледі.
Бүгінде көппәтерлі үйлерде жарнаның үш түрі бар. Олар:
Ағымдағы жарналар – бұл күнделікті шығындар (үйдің кіреберістерін жинау, жуу, жарық, өрт қауіпсіздігі және тағы басқасы). Ондай жарналар түбіртекте "Тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған шығындар" деп көрсетіледі. Оның мөлшері пәтерді көлеміне қарай белгіленеді. Дәл осы жарна айлық есептік көрсеткішпен есептелетін болады;
Жинақ жарналары – бұл күрделі жөндеуге жұмсалатын ақша. Бұл жарнаның ең төменгі тарифі 1 шаршы метр үшін 0,005 АЕК-ті (19 теңгені) құрайды. Жинақ жарналарын тек жалпы жиналыстың шешімімен және күрделі жөндеуге ғана жұмсауға рұқсат бар;
Нысаналы жарналар – сметада қарастырылмаған шығыстар. Мәселен, домофонды орнатуға, кіреберістің терезесіне тор қоюға, я болмаса, шағын жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады.
Заң бойынша ағымдағы және жинақ жарналары ай сайын төленеді. Ал нысаналы төлемдер тек қажет болған жағдайда жасалады.
Құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес, көппәтерлі үйді күрделі жөндеуге қажетті ақшаны жинау үшін мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе басқарушы компания алдымен он бес күннің ішінде банкте жинақ есепшотын ашуы қажет. Есепшоттағы ақша тек заңды түрде рәсімделген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу келісімшарттары негізінде аударылады. Жиналған қаржыны қолма-қол ақшамен жұмсауға тыйым салынады. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қаржыны нысаналы пайдалану актісі рәсімделеді. Оған мүлік иелері бірлестігінің төрағасы, басқарушы компания мен үйдің кеңес мүшелері қол қояды.
Айта кетері, пәтердің иесі үйді сатып жіберсе, жарналар қайтарылмайды. Ал үйді сатуға дейін төленбеген жағдайда мүлік иелері бірлестігінің төрағасы ол ақшаны сот арқылы өндіріп алуға құқылы.
Көппәтерлі үйдің жарналарын төлеудің ең соңғы мерзімі де бекітілген. Енді әрбір айдың 25-сіне дейін барлық жарнаны аударып қою қажет. Жарна уақытында төленбесе, өсімпұл есептеледі. Пәтер иесі жарнаны екі айдан астам уақыт төлемесе, басқарушы компания ол ақшаны нотариус немесе сот арқылы өндіре алады.
Биылдан бастап пәтер иеленушіден бөлек автотұрақ пен қойма иелері де жарна төлейді.
Биыл заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, көппәтерлі үйлерді басқарудың екі формасы ғана қалды. Олар:
мүлік иелері бірлестігі;
тікелей басқару (36 пәтерден аз үйлер).
Ал бұрынғы "КСК"-лар көпәтерлі үйдің тұрғындарымен келісімшарт жасап, басқарушы компания ретінде ғана жұмыс істей алады. Сондықтан барлығы қайта тіркеуден өтуге міндетті.