Өзге елдердегі жәдігерлерімізді де ғалымдарымыз іздеп тауып, игілігімізге жаратсақ, еліміздің көне тарихы ұрпаққа ұлы мұра болып қалары сөзсіз.
фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. «Егемен Қазақстан» газетінде төл тарихымызды түгендеуге қатысты тағы бір дерек жарияланыпты. «Семсер жұмбағы» атты мақалада Кореяда табылған алтын сапты семсердің ежелгі қазақ жерінде жасалғаны туралы айтылады, деп жазады 24.kz.
«Корея жерінде біздің дәуірімізге дейінгі 57-жылдары негізі қаланған Шилла деген мемлекет болған. Сол Шилланың көне астанасы – Кёнджу қаласы. Онда әйгілі «Тэ рың уон» мәйіттер орны бар. Тура осы жерден табылған, кезінде Корея қоғамы үшін үлкен жаңалық болған алтын сапты семсердің жұмбағы нешеме жылдан кейін үлкен еңбектің арқасында шешілді және ол біздің Ұлы даламен тікелей байланысты болып шықты».
Мақала авторы бұл орайда шетелдік ғалымдардың дәлел мен дәйексіз сөйлемейтінін, олар зерттеуді халықаралық деңгейге дейін шығарып ізденіс жасайтынын және зерттеулері нақты айғақсыз жарияланбайтынын алға тартады.
Автордың пікірінше, Президенттің мақаласына халықаралық деңгейде де баға беріліп, зерттеу жұмыстарының негізінде қазаққа тиісілі дүниелер елге таныстырылуы қажет. Өзге елдердегі жәдігерлерімізді де ғалымдарымыз іздеп тауып, игілігімізге жаратсақ, еліміздің көне тарихы ұрпаққа ұлы мұра болып қалары сөзсіз,- дейді ол.
Ал республикалық басылым «Айқын» апталығы мектептердегі тамақтану сапасын жақсарту сынды маңызды мәселені қаузайды. «Ұлттық тағамдар енгізуді ұсынды» атты мақалада «Нұр Отан» партиясының өкілдері ата-аналар кездесіп, «Мектеп асханалары» жобасын іске асырудың жай-жапсарын талқылаған. Кездесуде ата-аналар мектептердің тамақтандыру саласындағы олқылықтарды ортаға салады. Жиын кезінде ата-аналар партиялықтарға мектептердегі ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдарын енгізуді ұсынған. Ынталы топ мүшелерінің айтуынша, егер құрт пен ірімшікті балаларға әдемілеп орап берсе, оқушылар пайдалы табиғи азық-түліктерді сүйсініп жейтін болады, - деп жазады басылым.
Илья Теренченко, «Нұр Отан» партиясының хатшысы: «Мектеп асханалары» жобасының шеңберінде ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін партиялықтар мыңға жуық мектеп асханасына мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Біздің мақсатымыз – барлық тараптарды қанағаттандыратын ас мәзірін қалыптастыру, сондай-ақ мектептердегі тамақтандыратын жерлерде өткізуге болмайтын азық-түліктің сатылуына жол бермеу».