Алпауыттар құрған халықаралық банк алдында борышты боламыз.
ERNUR.KZ. Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққандар саны күн өткен сайын көбейіп барады. Нәтижесінде, еліміз SARS-CoV-2 ең көп таралған 51 елдің қатарына кірді, деп жазады inbusiness.kz.
Сарапшылардың байламынша, бұл қарқынмен бір апта ішінде 46-шы орынға шығуы ықтимал көрінеді. Оның үстіне қазақ елі ең көп жаңа науқастар табылып жатқан мемлекеттердің қатарына енді. Бұл жөнінен тіпті тізім басында тұрған елдерді артқа тастадық.
Мысалы, 19-орында тұрған Бельгияда бір тәулікте небары 212 жаңа сырқат, 21-орындағы Нидерландта – 176, 24-орындағы Эквадорда – 100, 28-орындағы Португалияда – 350, 29-орындағы Швейцарияда – 32, 34-орындағы Ирландияда – 35, 35-орындағы Польшада – 330, 38-орындағы Румынияда – 191, 39-орындағы Израильде – 115, 40-орындағы Жапонияда – 36, 41-орындағы Австрияда – 27, 47-орындағы Данияда – 81, 48-орындағы Оңтүстік Кореяда – 58, 49-орындағы Сербияда 54, ал 51-орындағы Қазақстанда бірден 450 жаңа вирус жұқтырған адам тіркелген. Демек, бұл «қара тізімде» Қазақстан тек биіктей беретінге ұқсайды.
Осы орайда ел Үкіметі «Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (COVID-19 қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) қол қою туралы» Президент Жарлығының жобасын жария етті.
Құжат мемлекетіміз бен АДБ арасындағы келісім жобасын мақұлдайды. Сондай-ақ қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа мемлекет атынан осы халықаралық құжатқа қол қоюға өкілеттік берілмек. Жоба ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді қажет етпейді.
Мемлекет басшысына жазған түсіндірме жазбасында Үкімет басшысы Асқар Мамин осынша қарыз алу не үшін керек екеніне түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта Үкімет коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру шаралары аясында әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығын ұстап тұруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруда. Дағдарысқа қарсы шаралар кешені кредит беру, шағын және орта бизнесті салықтық ынталандыру, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және жұмыспен қамтуды сақтау жөніндегі шараларды қамтиды. COVID-19 пандемиясының салдарларымен күрес бойынша қабылданып жатқан дағдарысқа қарсы шараларды және ел экономикасының тұрақтылығын қолдауды қамтамасыз ету үшін жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде қарыз алуды жүзеге асыру жоспарланып отыр», – деді Премьер-министр.
Осыған байланысты 2020 жылдың 26 наурызында Үкімет Азия даму банкінен (АДБ) қарыз сұрап, оған хат жолдапты. Халықаралық қаржы институты өзінің арнайы COVID-19 пандемиясымен күресу бағдарламасы аясында 1 миллиардқа жуық еуро қарыз беруге дайын екенін хабарлады.
Айта кетер жайт, АДБ-ның ірі құрылтайшылары және акционерлері АҚШ, Жапония және Қытай болып табылады. Екіжақты келіссөздер жүргізу нәтижесінде қарыз туралы келісім жобасы әзірленген. Сонымен, уағдаластық бойынша бұл халықаралық банк Қазақстанға 917 миллион еуро (30 мамырдағы бағам бойынша 419 миллиард 986 миллион теңге) сомасында қарыз береді.
Құжатта «сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%» екені көрсетілген. Euribor – еуропалық банкаралық ставка деген сөз. Яғни, банктердің бір біріне еурода беретін кредиттерінің орташа пайыздық сыйақысы. Бір қызығы, 2020 мамырда оның мәні -0,2870%-ды құрады. 15–33%-бен кредит алатын қазақстандықтар үшін бұл шама әрине, түсініксіз. Сарапшылардың айтуынша, банктер керісінше өзінен шығын шығаруды қажет ететін несиені бере алмайды, сондықтан Euribor көрсеткіші теріс мәнге кетіп қалғандықтан, оны белгілейтін Еуропалық банк федерациясы мұндай жағдайда базистік ставка ретінде 0 мәнін есептеуді ұсынған екен. Яғни, Қазақстан АДБ-дан қарызды 0+0,50% ставкасымен ала алады.
Мұның сыртында Азия даму банкі Үкіметтен «резервке қойғаны үшін комиссия» сұрады: ол қарыз қаражатының игерілмеген қалдығына жылдық 0,15%-ды құрайды.
COVID-19 қарызының бір бөлігі – 459 миллион еуро 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге ұсынылады. Ал 459 миллион еуро көлеміндегі қалған бөлігі 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда тек 5 жыл мерзімге беріледі.
Бұл қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыратын болады. Қарыз Қазақстан Үкіметінің COVID-19 пандемиясымен және оның салдарымен күреске жұмсалады, сондай-ақ экономиканы ынталандыру және экономикалық өсуге жәрдемдесу шараларына да бағытталады.
Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, қарыздың пайыздарын және басқа да төлемдерін мемлекетіміз АДБ-ға жарты жылда бір рет – әр жылдың 15 ақпаны мен 15 тамызында төлеп отыруға міндеттеледі.
Әлеуметтік желілерде пікірталас туғызып жатқан және қоғамды алаңдатқан мәселеге орай сұрақ туады: алпауыт державалар бергелі отырған өте арзан несие халықты чиптеуге жұмсалуы мүмкін бе? Оған негіз жоқ деседі. Ерұлан Жамаубаев бұл жобаның азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына және міндеттемелеріне еш қатысы жоғын, сондай-ақ кәсіпкерлердің мүдделеріне де нұқсан келтірмейтінін қадап айтты.