Коронавирустан көз жұмған 22 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді

0
476

Вирус жұқтырғаны үшін төлем алған дәрігерлердің көбі Алматы қаласынан.


Коронавирустан көз жұмған 22 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді

ERNUR.KZ. COVID-19-бен күресуге тартылған 1646 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан ары – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды, деп жазады Azattyq Rýhy.

«18 қыркүйек сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония салдарынан қайтыс болған 22 медицина қызметкерінің өтініші бойынша ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды».

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 вирусын жұқтыру немесе вирустық пневмониямен ауыру жағдайында төлемдердің ең көп саны Алматы (369) және Нұр-Сұлтан (340), Шымкент (100) қалалары, Қарағанды (113) және Ақмола (107) облыстары бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына осы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;
– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.