​Қос палата депутаттары Алатауға конституциялық мәртебе беретін заң жобасын қарайды

0
102

​Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді.


​Қос палата депутаттары Алатауға конституциялық мәртебе беретін заң жобасын қарайды

Коллаж: Kazinform/ parlam.kz/ Kazpravda.kz

ERNUR.KZ. Онда депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заңның жобасын екінші оқылымда талқылап, қабылдау мүмкін. Конституциялық заң қабылданған жағдайда осы айдың соңына дейін Президент қарауына енгізу жоспарланған, деп жазады inform.kz.

Естеріңізге сала кетсек, заң жобасын палата депутаттары 20 наурызда бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Құжатты депутаттарға таныстырған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылып, олар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Корея), сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесін зерделеген.

– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді институционалдық орта атқарады. Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі – бұл өңірлерде жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режимдерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдауды басқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды. Хайнань провинциясы одан да кең экономикалық өкілеттіктер алды. Осы жылдан бастап Хайнань жаңа сауда және инвестициялық хаб ретінде жарияланды. Осыларды ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл әсіресе Қазақстанда әлі толық енгізілмеген жаңа салалар үшін маңызды, - деді вице-премьер.

Қанат Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді.

– Алатау қаласында нақты бөлініс болады. Әкім мен мәслихат әлеуметтік сала, инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылығы сынды ағымдағы мәселелермен айналысады. Оның өзі бюджеті болады. Alatau City Authority-дің мемлекеттік қоры жасақталады. Ол мемлекеттік орган сияқты. Оның өз даму бюджеті болады. Ол дамумен айналысады, яғни аталған қаланы дамыту стратегиясын жасайды. Олар Алатау қаласы үшін заң сияқты болатын барлық актілерді дайындап, оны Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес қабылдайды. Кеңесті Премьер-министр басқарып, құрамын Президент бекітеді. Кемінде үште бірі тәуелсіз директорлар болады, - деді Қанат Бозымбаев.
Заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Сондай ақ «бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Олар Астана қаржы орталығының немесе халықаралық арбитражды таңдай алады.
Салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.
Бұл жобалар негізгі критерийлерге сәйкес болуы тиіс.
Олар:
– экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
– қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
– экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы;
– экологиялық талаптарды қамтуы.
– Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады, - деді ол.

Үкімет басшысы орынбасарының атап өтуінше, қаланың дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді. Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында аталған құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді. Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады.

– Қала бастапқыдан «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады, яғни барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды. Alatau City Authority дың цифрлық платформасы арқылы резиденттерге негізгі қызметтер ұсынылатын болады. Олардың ішінде рұқсат беру рәсімдері және арнайы құқықтық режимді қолдану жоспарланып отыр. Бұл жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі, - деді вице-премьер.

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Алатау қаласының негізгі қағидаттарын түсіндірді және қала бюджеті қандай түсімдерден құралатынын айтып берді.

– Алатау қаласының жиынтық бюджеті қаланың жергілікті бюджеті мен әкімшіліктің бюджетінен тұрады. Жергілікті бюджет жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, Алматы облысының жергілікті бюджетінен берілетін трансферттер және өзге де салықтары мен алымдары есебінен қалыптасады. Бұл түсімдер жергілікті мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге және әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалады, - деді депутат.