иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Тараздың мектеп оқушысы Абылайхан Қуантай қолына сыпыртқы алып, орталық саябақ жанындағы жаяу жүргіншілер жолын тазартып шықты, деп жазады kaz.nur.kz.
Баланың жолды сыпырып жатқан видеосы әлеуметтік желілерге тарап кеткен. Желі қолданушылары оқушының әрекетіне тәнті болды. Ал Абылайхан осылайша өзіне адамдардың назарын аударамын деп ойламаса да керек. Ол жасаған әрекетінде таңғалатын ештеңе жоғын айтады. Мектеп оқушысы күзгі демалыс кезінде дала сыпыруға күнде шығады екен. Айтуынша, үйде тірліксіз отырудан іші пысқан.
"Үлкендердің көше тазартып жүргендерін жиі көремін, сондықтан да оларға көмектесуді шештім. Өз ауламды сыпырғанды жақсы көремін, барлық жердің таза және жайлы болғанын қалаймын. Егер де әркім осындай игі істер жасаса, қаламыз бұдан да көрікті бола түседі", – дейді №23 мектеп оқушысы Абылайхан Қуантай.
Мектеп мұғалімдері оның ынталы оқушы екенін және көпбалалы отбасыдан шыққанын айтады.
"Ол еңбекқор, өз Отанын қалай сүю керектігін және қалай үлес қосуға болатынын барлығына үлгі етіп көрсетті", – дейді мектеп директоры Ардақ Рысбаева.