Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар мен жылқыларға 3 ай бойы тексеру жүргізіледі

0
331

Ғылыми топтар Олимпиадалық даярлау орталығының базасында 3 ай бойы спортшылар мен жылқыларға тексеру жүргізеді.


Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар мен жылқыларға 3 ай бойы тексеру жүргізіледі

ERNUR.KZ. Күзде елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында спортшылар мен спорттық жылқыларды сапалы даярлау үшін екі кешенді ғылыми топ құрылды. Олардың бірі атбегілікпен, екіншісі ұлттық спорт түрлерінің спортшыларын даярлаумен айналысады, деп жазады inform.kz.

Топтардың құрамына жетекші ғалымдар, ветеринарлар, биологтар, генетиктер, сондай-ақ спорттық психология және медицина мамандары кірді. Ғалымдар оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізілетін жерлерде спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізеді.

«ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен және. ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен алғаш рет кешенді ғылыми топтар құрылды. Бірінші топ тікелей спортшылармен айналысады – олардың функционалдық жағдайы, жалпы дене шынықтыру дайындығы тексеріледі, психодиагностика жүргізіледі, содан кейін барып жалпы жай-күйінің қорытындысы жасалады. Егер денсаулығында қандай да бір өзгерістер болса, психодиагностика және спорттық медицина бойынша ем-шара жасаймыз. Басты мақсат – спортшыларымыз күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жоғары деңгейде дайындалуы үшін олардың денсаулығын тексеру», - деп атап өтті ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кешенді ғылыми тобының үйлестірушісі Бақытжан Есжанов.
Өз кезегінде кешенді ғылыми топтың жетекшісі, а.ш.ғ докторы Набидулла Кикебаев спорттық жылқылардың жағдайын айта келе, белгілі қазақстандық ғалымдардың тұтас тобы жылқылардың жем-шөбін жақсартуға, жануарлардың функционалдық жағдайын тексеруге мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ бұл топтың жақсы нәтиже көрсету үшін жарысқа қатысатын жылқылардың дайындығы мен төзімділігін тексеретінін тілге тиек етті.
Кешенді ғылыми топтар қазір көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спортшыларының құрама командаларымен жұмыс істеп жатыр.
«Біз спортшылардың ағзасын тексеріп, жоғары нәтижеге жету үшін қандай дәрумендер қабылдау керек, қалай тамақтанғаны дұрыс екенін анықтаймыз. Спортшылардың жүрек және ішкі органдарының биоритімін тексеріп, тамақтарын да соған сай ұйымдастырамыз», - деді кешенді ғылыми топтың жетекшісі, п.ғ.д., профессор Анатолий Құлназаров.
Ғылыми топтар Олимпиадалық даярлау орталығының базасында 3 ай бойы спортшылар мен жылқыларға тексеру жүргізеді.