Ақылды жүргінші жолағы қаланың орталық көшесіне және темір кені басқармасының қасынан өтетін күре жолда орнатылды.
ERNUR.KZ. Рудный қаласында ерекше жүргінші жолағы пайда болды, деп жазады 24.kz.
Жол белгісінің бұл жаңа түрін қазақстандық өнертапқыш ойлап тапқан. Басты мақсат – көлік жолын кесіп өтетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ақылды әрі тиімді. Ерекше жүргінші жолағына қатысты рудныйлықтардың пікірі осындай. Кеншілер қаласы – жаңа жолақ орнатылған еліміздегі алғашқы шаһар. Бірі орталық көшеге, екіншісі темір кені басқармасының қасынан өтетін күре жолда пайда болды.
Татьяна Шерстобитова, кен байыту комбинатының кәсіподақ төрайымы:
- Бұл жерде көлік қозғалысы өте белсенді. Комбинаттың кеңсесі, механикалық жөндеу зауыты осы тұста. Жолды күнде ондаған адам кесіп өтеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүргінші жолағын осы жерге орнату қажет деп шештік. Жолақтың екі жағына темір бағандары қойылған. Ортасын түнде жарық шашатын полиэтилен торкөз жалғап тұр. Қозғалысты төрт бейнекамера үздіксіз түсіреді. Жобаның жалпы құны – 4,5 млн теңге.
Жаяу жүргінші торының жұмысы өте қарапайым. Ол инфрақызыл датчигімен жабдықталған. Сол арқылы жолды кесіп өтпек болған адамды бірден байқап, жоғарыдағы шамшырақ шамдарына белгі береді. Ал жанған шамдар 300-400 метр қашықтықтан айқын көрініп тұр. Яғни көлік жүргізушілеріне жаяу жүргіншіні байқап, жылдамдықты азайтуға уақыт жеткілікті.
Данияр Ақаев, жоба авторы:
- Мидай далаға да қоюға болады. Себебі, бұл автономды түрде қуатталады. Электр сымдарын жалғаудың қажеті жоқ. Қаржылық жағынан да тиімді. Электр қосылатын дәл осындай құрылғымен салыстырғанда он есе арзан.
Барлық құрылғылар күн батареясы немесе желдің күшімен қуатталады. Жергілікті билік өкілдері мұндай жаңашылдықтар «ақылды қала» жобасы аясында іске асып жатқанын айтады.
Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- Бүкіл қаланың бағдаршамдарын бір диспетчер арқылы басқару жүйесі қолға алынып жатыр. Сонымен қатар көшелердегі жарықтар да солай бір жерден басқарылатын болады. Алдағы уақытта осындай жүргінші жолағы еліміздің басқа қалаларында да орнатыла бастайды. «Себебі жаңа белгі жолдағы қауіп-қатерді едәуір азайтуға сеп болады», – дейді мамандар.